Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов сайлау заңнамасындағы түзетулер жайлы не дейді?

Фото Максима Морозова

20 мамырда Сенат сайлау заңнамасына өзгерістер енгізуді құптады. Жаңа заң жобасына сәйкес, саяси партиялардың мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендейді, сайлау бюллетеньдерінде «Барлығына қарсымын» графасы енгізіледі және ауыл әкімдері тікелей сайланады. Аталған өзгерістер президент Тоқаевтың бастамасымен жүзеге аспақшы. Ол 2021 жылы 15 қаңтарда өткен парламенттің VII шақырылымында «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізуді тапсырған еді.

Президенттің айтуынша, «барлығына қарсымын» графасы азаматардың сайлау құқығын қорғайды. Ал мәжіліске өту шегінің төмендеуі партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырып, елдегі саяси бәсекені дамытады. Үкімет өкілдері де бұл түзетулердің сайлау процесін демократияландырып, саяси жүйені дамытатынына кәміл сенеді. Шынымен, аталған түзетулерді саяси реформа қатарына жатқыза аламыз ба? Графаның қазір енгізілуіне не себеп? Осы және өзге сұрақтарға саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов жауап берді.


- Сайлау бюллетеньдеріндегі «барлығына қарсымын» графасы не үшін керек?

- Биыл қаңтарда өткен парламент сайлауы кезінде электораттың сайлауға қызығушылығы қатты төмендеп, азаматтық белсенділердің наразылығы өсті. Бұл жағдай өз билігін «сайлау» арқылы легитимизациялап үйреніп қалған қазіргі режимді сайлау жүйесін «реформалауға» итермелеуі мүмкін. Оған қоса «барлығына қарсымын» графасын қосу жайлы билікті сынап жүрген азаматтар бұған дейін де айтып жүрген еді. Президент Тоқаевтың командасы саяси реформалар жасалып жатыр деген әсер қалдыру үшін осы графаны енгізуі мүмкін.

Қайткенмен де, «барлығына қарсымын» графасының өзгеріс әкелуі екіталай. Себебі бізде дауыс беру нәтижесі әр учаске бойынша ашық жарияланбайды да, биліктің қалауына қарай бұрмаланады. Сондықтан осыған дейін бюллетеньді бүлдіру арқылы наразылығын білдірген азаматтардың нақты санын біле алмай келсек, аталған графа енгеннен кейін де ол сан бізге құпия болып қалуы әбден мүмкін. Осы жайт сайлаудан кейін азаматтардың графа көрсеткішін алға тартып, сайлау қорытындысына қарсылық білдіруін қиындатады. Оның үстіне электоралды кезеңде сайлаушыларды жұмылдыру үшін үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қажет.

Екінші жағынан, графа көмегімен билік өзі үшін елдегі саяси протестік ахуалдың деңгейін бақылауға мүмкіндік алуы мүмкін. Дегенмен графаны белгілеген азаматтардың нақты санын биліктің де біле алатынына күмәнім бар. «Сурет салуға» үйреніп қалған орталық және аймақтық сайлау комиссияларының жұмыс істеу алгоритмі шынайы жағдайды көруге мүмкіндік бере қоймас.

- Партиялардың мәжіліске өту шегінің 7- ден 5%-ға дейін төмендеуі партиялардың өту процесін қаншалықты жеңілдетеді?

- Қазақстанның бүгінгі саяси жағдайында Мәжіліске өту шегінің төмендеуі партиялық жүйенің оң бағытта өзгеруіне еш әсер етпейді. Бұл — жай ғана косметикалық өзгеріс. Сайып келгенде, Қазақстанда шынайы оппозициялық партиялардың Мәжіліске өтуіне кедергі келтіріп тұрған өту шегі емес. Биліктің өзі оппозициялық партиялардың сайлауға қатысуына жол бермей, тіркетпейді. «Кітапхана» мен Ақорда «Нұр Отан» және оның спутник партияларын ғана парламентке өткізіп жүр.

- Ауыл әкімдерінің енді тікелей дауыс беру арқылы сайланауы тәуелсіз кандидаттардың жеңіске жетуіне мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?

- Мен тіпті тәуелсіз кандидаттардың әкім сайлауына қатысуға мүмкіндігі көп боларына сенбеймін. Себебі осы өзгерісте де саяси партиялардың мүшесі басымдыққа ие. Сайлауға түсу үшін тәуелсіз кандидаттардан сол аймақ тұрғындарының кемінде 1 пайыз қолын жинау талап етілсе, саяси партия мүшелеріне бұндай талап қойылмайды. Сондықтан олар «Нұр Отанның» өкілдері басым учаскелерде, яғни барлық аймақта, партияның қолдауымен әкім болып тағайындалады деп ойлаймын. Сайланады деуге келмес.

Сайлау ашық, әділ өтсе де, халық сайлаған әкімнің саяси және экономикалық тұрғыдан қолы байлаулы болады. Саяси тұрғыдан ауыл әкімі аудан әкіміне, аудан әкімі облыстыкіне, ал ол президентке және президент әкімшілігіне тікелей тәуелді. Барлығы да президент әкімшілігінің айтқанымен жүріп-тұрады. Экономикалық тұрғыдан ауыл әкімі аудандық мәслихатқа қарап, бюджетті игеруде тәуелсіз шешім қабылдай алмайды. Ауыл әкімін тікелей сайлау деп ауыз толтырып айтқанмен, одан келер өзгеріс жоқтың қасы.

- Бұл өзгерістер Қазақстанның демократиялана түскенін көрсете ме?

- Өкінішке қарай, бұл өзгерістер Қазақстанның демократиялық жолға түскенін көрсетпейді. Керісінше, қазіргі президент әкімшілігінің және оның айналасындағы топтардың саяси реформалар имитациясын жасауға әбден машықтанып алғанын дәлелдейді. Сол себепті бұл өзгерістер еліміздің дамуына оң әсер етеді деп айта алмаймын.

- Сіздің ойыңызша, сайлау туралы заңға қандай өзгерістер керек?

- Меніңше, ең алдымен сайлау жүйесін қайта құрудан бастау керек. Сайлау комиссиялары, олардың мүшелері атқарушы биліктен толықтай тәуелсіз болуы қажет. Комиссияның президенттен, премьер-министрден, әкімдерден тәуелсіз қызмет атқаруы нақты заң нормалары арқылы қамтамасыз етілуі керек.

Екіншіден, еліміздегі қазіргі абсентизм деңгейін ескеріп, сайлау нәтижесін мойындау үшін сайлаушылардың пайыз бойынша белгілі бір мөлшері қатысуы керек деген норманы қайта енгізгеніміз жөн. 1998 жылғы конституциялық өзгерістерге дейін сайлау өтті деп тану үшін халықтың кем дегенде 50 пайыздан астамы қатысуы керек болатын.

Қазір елімізде азаматтардың сайлауларға қатыспауын саяси протест ретінде бағалай аламыз. Сол себепті әр деңгейдегі сайлауға әртүрлі минимал меже қоюымыз қажет деп ойлаймын. Мәселен, мәслихат сайлауына 30 %, парламент сайлауына 40 %, президент сайлауына 50 %-дан кем емес сайлаушылар қатысқан соң ғана сайлауды өтті деп нәтижесін қабылдауымыз керек. Осындай меже арқылы біз қоғамдағы саяси көңіл-күйді бақылап, зерттей аламыз. Әрине, пайыз турасында дискуссия жасап, ортақ ұйғарымға келуге болады.

Үшіншіден, азаматтар тікелей өздерін ұсыну арқылы сайлауға қатыса алатын мажоритарлық сайлау жүйесіне көшуіміз керек. Бұл өзгеріс мәслихат, мәжіліс сайлауына қатысты. Азаматтардың сайлау және сайлану құқығы конституцияда жазылып тұрғандықтан, оны ешкім шектемеуі керек.

Әрбір деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауға көшуді құптаймын. Бізде әкімдердің барлығы дерлік «Нұр Отанның» мүшесі. Олардың қызметке тағайындалмай, ашық әрі әділ сайлау арқылы келуін дұрыс санаймын. Қазіргі таңда мәслихат депутаттары жанама жолмен «сайлайтын» сенат депуттарын да халық өзі сайлауы керек.

Қазіргі заңға сай, президент сайлауына түсу үшін кандиттар кем дегенде бес жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы органда қызмет етуі қажет. Бұл талап жүйеден тыс тәуелсіз азаматтардың кандидат болуына бөгет жасайды. Бұндай антиконституциялық талапты қайта қарап, алып тастау керек. 

Следите за нами в интернете