«Борат 2»: не үшін қарсы петиция жарияланды және жұрттың реакциясы қандай?

18 октября 2020 г. Общество

Бір апта бұрын әлеуметтік желілерде «Борат 2» фильмінің трейлері шыққан еді. Трейлер қазақстандықтардың наразылығын туғызды, интернетте көптеген жағымсыз пікір жазылды. Сонымен қатар бұл фильмге тыйым салу мақсатында арнайы петиция жасалды. «Борат 2» қандай фильм, қоғам неге наразы және неліктен фильмге реакция мұндай болмау керегін айтамыз. 

Ақерке Ораз  

«Борат 2» фильмі жайында

Фильмнің бірінші бөлімі 2006 жылы шығып,  «Борат: Қазақстан халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу» деп аталған еді. Фильмнің продюсері, сценарий авторы және басты рөлдегі актер бір адам - Саша Барон Коэн. Актер осы рөлі үшін 2007 жылы «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясында Golden Globe Award сыйлығын жеңіп алды. 

2020 жылдың қыркүйегінің басында «Борат 2» фильмі толығымен түсіріліп, өңделіп, киноиндустрия жетекшілеріне көрсетілгені белгілі болды. Жаңа фильмнің аты «Келесі Борат: бір кездері даңқты Қазақстан халқына пайдалы болу үшін америкалық режимге орасан зор пара беру». 

«Борат 2» фильмінің трейлерінде Қазақстанда танымал журналист Борат Сагдиев қайтадан АҚШ-қа барып, президент сайлауы қарсаңында елдің саяси өмірін зерттеп, адамдардың мазасын алып, коронавируспен табамен күресіп, демократтардың қарсыластарымен сөйлеседі. 

Фильмнің жарнамалық кампаниясы аясында туиттерде Қазақстан Республикасы үкіметінің атынан фейк-аккаунт пайда болды. Екі аптаның ішінде парақшаға 72 мыңнан астам оқырман жазылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі Зарина Нұрланова туиттердегі аккаунттың фейк екенін және парақшада  жарияланған материалдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі туралы ресми ақпаратқа еш қатысы жоқ екенін хабарлады.

Мұнымен қоса Борат Сагадиевтің инстаграм-парақшасы да пайда болды. Тіпті, инстаграм бұл парақшаға тұлғаны растайтын арнайы белгісін берген. 

Енді «Борат 2» фильмі 23 қазанда Amazon Prime Video платформасында жарыққа шығады. 

Қазақстан қоғамы фильмге қарсылығын қалай білдіріп жатыр?

«Бораттың» жалғасы шығатыны ресми түрде расталған күннен бастап Қазақстанда фильмді көрсетуге қарсы қол жинаған петиция пайда болды. Желі қолданушылары #cancelborat (ағылшын тілінен аударғанда «Бораттан бас тарту») ілмегі арқылы наразылығын білдіріп жатыр. Қол қойғандар саны қазір 107 мыңнан асты.

Дипломат Ерлан Ыдырысов 2006 жылы 4 қазанда The Guardian газетінде жарияланған мақаласында «Борат» фильмін ең алғаш сынаған болатын. Мақалада саясаткер «Саша Коэн бүтіндей бір елді ойдан шығарып, оны  қатыгез, қарабайыр және зұлымдыққа толы “Қазақстан” деп атады, бірақ оның нақты Қазақстанға еш қатысы жоқ», «Барон Коэн Түркия, Бразилия немесе Үндістан сияқты қуатты, дамушы елді күлкіге айналдыра алатын еді, бұл кезде тіпті саяси деңгейде реакция тудыруы мүмкін еді» деді. 

Ал Мәдениет және спорт министрлігі фильмге толығымен тыйым сала алмайтынын хабарлады.  Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі егер фильм интернетте ғана көрсетілсе, онда ештеңе істей алмайтынын, мұны министрлік реттемейтінін айтты. Олар фильмді тек кинотеатрларда көрсетуге тыйым сала алады. Ал «Борат 2»-ні теледидардан көрсете ме деген сұрақты Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне қою керек деп түсіндірді.  

Қанат Бейсекеев түсірген  «New kazakh cop» фильмінің кейіпкері Димаш Ниязов алғашқылардың бірі болып фильмге қарсы пікір білдірді

«Адамдарға Қазақстаннан келгенімді айтқан кезімде, мені Борат деп атайтындары әлі күнге дейін есімде. Боратта көрсетілген мәдениет маған тиесілі болмаса да, менің үстімнен, мәдениетіме күле қарағандары есімде. Бұл фильмді Қазақстанда түсірмеген. Олар тіпті қазақша сөйлемейтін, бірақ адамдар фильмге сенеді. Ол кезде АҚШ-қа жаңа келген жасөспірім едім, адамдар мені мазақ еткенде жүрегіме қатты тиетін». 

Ал 11 қазанда фильмнің шығуына қарсы Нью Йоркта тұратын қазақстандықтар Times Square алаңына бейбіт митиңке шықты

Цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов инстаграмда жаңа бастама ұсынды. Ол «Борат 2» фильмінен шыққан шуды еліміздің туризм саласының пайдасына шешуге болатынын айтты. Ол үшін Қазақстанның көрікті жерлерін түсіріп, инстаграмға #WhereBoratlives (Борат тұратын жер) ілмегімен жариялап,  Қазақстанның фильмдегі шындықпен еш сәйкеспейтінін көрсетуге болады дейді.

Жалпы алғанда фильмге наразылық білдірген мұндай оқиғалар көп кездеседі. Мысалы, 2017 жылы жарыққа шыққан «Сталиннің өлімі» фильмі. Режиссері мен сценаристі Армандо Яннуччи болған бұл фильм бүкіл ТМД елдерінде көрсетілімнен алынды.

Дана Әмірбек  —  кинотанушы және киносыншы

Адамның психологиясы естіген, оқыған нәрсені емес, өз көзімен көрген нәрсені шындық деп қабылдайды. Қанша жерден өнер туындысы екенін біліп тұрса да оны жалған деп қабылдамайды. Киноның құдыреті осында. 

Шыңғысханды талай жыл бойы қаніпезер, жауыз образда қабылдап келдік. Алайда соңғы кездері Шыңғысхан жайлы Қазақстан киногерлерімен бірлесіп түсірген «Моңғол» фильмі шықты. Бұл фильмдегі Шыңғысханның образы басқа қырынан ашылған. Осылайша оған деген көзқарас ақырындап өзгеріп келе жатыр. 

Менің ойымша, фильм жайлы дабыл қағып, қоғамның назарын аударудың қажеті жоқ. Маңызға ие дәрежеге көтермей, мүлде көңіл бөлмеген дұрыс деп есептеймін. Себебі фильм авторларына да керегі — жұрт назарына ілігіп, сол арқылы атақты болып, ақша табу. Ортаңқол актерлік ойын, белден төмен қалжыңдарға құралған ортаңқол сценарий желісі, ортаңқол режиссура.

Бұл фильм әлеміндегі  «қазақ» — Американы сынға алу жолындағы  құрал. Байқасаңыз, туындыда бүгінгі «дамыған мемлекеттердің» ішкі былығы жайлы, ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің өзара қарым-қатынасы, ЛГБТ өкілдері, феминистер жайлы көп көрсетіледі. Аталмыш мәселелер мазаққа алынады.

Шынтуайтына келгенде, бүгінгі таңда Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин сияқты Мәдениет және спорт өкілдерінің арқасында қазақ елі көптеген мемлекетке танылды. Қазір біздің кім екенімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, діліміз бен дінімізді, рухани құндылықтарымызды көптеген ел қызыға зерттейді. Ал фильмді көрген олар үшін бұның бәрі сайқымазақтың әурешілігі ретінде қабылданатыны белгілі.

Бүгінде көрермендер тарихи деректерге жүгінбейді, көбі байыбына барып зерттемейді. Фильмді көрген адам, ол жердегі көріністерге сенуі  мүмкін. «Бораттағы» «қазақтардың» образы — бізді танымайтын елдер үшін таңсық дүние. 

Әсіресе «Қазақстан деген мемлекет бар, қазақ деген ұлт бар» деген кезде, бұл бүкіл Еуропа, Америка көрермені үшін экзотика болады. Ал экзотика кәдімгі тарихи фактілермен бекітілетін болса, көрермен экрандағы көрініске сенеді. 

Следите за нами в интернете