Мәжіліс туралы не білуіміз керек?

23 ноября 2020 г. Выборы

2021 жылы 10 қаңтарда Мәжіліс сайлауы өтеді. Мәжілістегі депуттардың көбін халық таңдайды. Сондықтан бұл сайлау да презиндентті сайлағандай маңызды іс. Қазақстан саясатында Мәжілістің орны қандай? Неге халық мәжілісмендерді сайлауға бейжай қарамауы керек? Осы және өзге сұрақтарға заң негізінде түсінікті жауап беруге тырыстық.

Мәжіліс дегеніміз не? 

Мәжіліс — парламенттің төменгі палатасы. Ал парламент — заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстанның ең жоғары өкілдік органы. Ол тұрақты жұмыс істейтін екі палатадан тұрады: Сенат (жоғарғы) және Мәжіліс (төменгі).  

Мәжілісте 107 депутат жұмыс істейді. Оның 98-ін халық сайлайды. Ал қалған 9 депутатын Қазақстан президентінің жанындағы кеңес беруші орган саналатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.  

2007 жылдан бастап парламент мәжілісіне тек партия тізімімен сайлау жүйесі енгізіліп, партиядан тыс адамдардың сайлану мүмкіндігі жойылды. Демек, халық депутаттыққа үміткер кандидатқа емес, ол тіркелген партияға дауыс береді. Пропорционалды деп аталатын бұл сайлау жүйесінде дауыс санына қарай партияларға парламенттен орын беріледі. Мысалы, белгілі бір партия 10 % дауыс жинаса, парламенттегі 107 орынның 10 %-ын иеленеді.

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл. Заңнама бойынша, елде кем дегенде соңғы он жыл тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматы Парламент депутаты бола алады. Сенат депуттатығына жасы отызға толған азамат үміткер бола алса, Мәжіліс депутаттығына жиырма бес жастан бастап үміткер болуға мүмкіндік бар.

Парламент депутаттарының басқа өкілді органның депутаты болуға, кәсіпкерлікпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Сонымен қатар, олар (оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа) ақы төленетін жұмыстарда істей алмайды. Депутат қылмыс кезінде ұсталмаса не ауыр қылмыс жасамаса, оны өкілеттілік мерзімі кезінде Палатаның келісімінсіз тұтқынға алып, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. 

Мәжіліс қандай қызмет атқарады? 

Парламенттің қарастыратын мәселелері алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қаралады:

  1. республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
  2. мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
  3. Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты мәселелерді шешеді;
  4.  мемлекеттік наградалар мен шендерді, лауазымдарды тағайындайды
  5. мемлекеттік қарыз және өзге елдерге көмек көрсету мәселелерін шешеді; 
  6.  рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;
  7.  Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
  8.   президенттің қол қоймай, қайтарып берген заңдар немесе заң баптары бойынша қайта талқылау өткізеді және қайта дауыс береді; 
  9.  республикалық референдум өткізу туралы бастама көтереді.  

 Тек Мәжілістің атқаратын мынадай міндеттері бар:

  • үкімет енгізген заң жобаларын қарастыру;
  • премьер-министр тағайындауға келісім беру;
  • Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау

Мәжіліс депутаттарының басым даусымен не жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіре алады. 

Қазіргі мәжілістің құрамы қандай?

Қазір елде тіркелген алты саяси партия бар: «Ауыл», «Ақ жол», «Адал» (бұрынғы «Бірлік» партиясы), Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) және «Нұр Отан». Партиялар парламентке өту үшін кемінде 7 % дауыс жинауы керек.

Қазақстанда соңғы мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өтті. Сайлау нәтижесінде, мәжілістегі 107 орының 86-сын «Нұр Отан» партиясы, 7 орынды Ақ жол, қалған 7 орынды Қазақстан халық партиясы иемденді.

Айта кетерлік жайт: Қазақстанда 1995 жылы Конституция қабылданып, екі палаталы парламент құрылғалы бері елде бірде-бір мәжіліс сайлауы уақытында өткен жоқ.  Заңнама бойынша, Мәжіліс депутаттарының сайлауы жұмыс істеп тұрған Парламент Мәжілісі өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізілуі тиіс. Қазіргі Мәжілістің өкілеттілігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Демек, сайлау келесі жылы 10 қаңтарда заңға сай өтеді. 

Партияны тіркеу үшін партия мүшелерінің саны 20 мың болуы керек. Бұған қоса, өзгерген заң бойынша өкілді органдарға (мәжіліске, мәслихатқа) ұсынылатын партия кандидаттарының 30 %  жастар мен әйелдер болуы тиіс. Партиялық тізімін ұсынған саяси партияларға Орталық Сайлау Комиссиясына жарна төлеу міндеттелген. Тізімге енгізілген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының он бес есе мөлшерін (637 500 тг) төлейді. 

Өткен парламент сайлауында 7 және одан көп пайыз дауыс жинап, мәжіліске өткен партиялар жарна төлемейді. Ал сайлауда бестен жеті пайызға дейін дауыс жинаған партиялар міндетті жарнаның тек жартысын төлейді. 

Мәжіліс сайлауына кандидат ұсыну 10 қарашадан бастап 30 қарашаға дейін болды. Мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталды. 

Неге дауыс беру маңызды? 

Мәжіліс депутаттары айына 700 мың теңге жалақы алады. Онымен қоса, оларға астанада тегін тұрғын үй беріліп, қызметтік көлікпен, тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, іс сапарлары толықтай төленеді. Мұның барлығы халықтың төлеп отырған салығы негізінде жүзеге асады. Демек, депутаттаттардың жайлы жағдайы үшін халықтың ақша төлеп, сайлаудан тысқары қалуы дұрыс емес. Сонымен қатар, мәжіліс депутаттарының өмірімізге тікелей қатысты заңдар мен бұйырықтарды қабылдайтынын ұмытпаңыз. Дауыс бермеу арқылы сіз елдегі бес жыл өміріңізге бейқамдық танытқан боласыз. 

 

Следите за нами в интернете