«Гендер пати» деп аталып кеткен баланың жынысын анықтайтын шара кейінгі жылдары Қазақстанда танымал болып кетті. Google trends анализіне сәйкес, «гендер пати» сөзі шамамен 2020 жылы ізделе басталып, кейінгі екі жылда бірнеше есе көп сұранысқа ие болған. Қазақстан қоғамына бұл «мереке» қалай келгенін және оның гендерлік мәселемен қандай байланысы барын осы материалда қарастырамыз. Сондай-ақ, зерттеуші, «Ұят емес» жыныстық сауат жобасының мүшесі Махаббат Боранбайға бірнеше сұрақ қойдық.
Құндыз Мұханғали
Гендер патидің пайда болуы
Үшінші сәбиінің қыз болатынын білген әкенің көңіл-күйі бірден түсіп кетті. Жолдасы оны кейін ақтап алмақ болса да, видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Бұл осы жылы АҚШ-та болған оқиға. Шараны алғаш жасаған америкалық блогер Дженна Карвунидис оны соншалықты танымал болады деп күтпеген еді. Gender reveal party – қазақша «гендерді анықтау мейрамы» 2008 жылы алғаш рет Америкада жасалды. Бірінші сәбиін күтіп жүрген Дженна алқызыл қоспасы бар тортты кесіп, болашақ сәбиінің жынысын білді. Бұл туралы өз блогында жазған соң шара кеңінен таралып, қазіргі сәтте Орталық Азия елдеріне дейін жетті.
Гендер пати қалай өтетінін болашақ ата-аналардың көпшілігі біледі. Дәрігер қарауына барған ата-ана құрсақтағы баланың жынысын оларға айтпай, хаттың ішіне жазуын сұрайды. Бұл «құпия» мереке кезінде тосын сый ретінде айтылады. Сәбидің жынысы қыз болса, әдетте қызғылт, алқызыл түстер, қуыршақ қолданылады, ал ұл балаға көк, жасыл түс пен машина сияқты аттрибуттар бірге жүреді. Мереке бір қарағанда кезекті бір отбасылық шара сияқты болып көрінсе де, қоғамдағы кей проблеманың бетін ашып, кей жерлерде апатты оқиғаларға дейін апарды. Шараны бастаған Дженна Guardian-ға берген сұхбатында оның қайшылыққа толы екенін және адамның тек бір ерекшелігіне басым көңіл аударатынын айтқан еді.
Гендерлік кімдік (identity) және жыныс
Махаббат Боранбай шараның «гендерді анықтау кеші» деп аталғанымен, ол шын мәнінде баланың дене мүшесін анықтайтын іс-шара дейді. Сарапшы көп адам гендер мен жынысты бір нәрсе деп ойлайтынын, бірақ екеуі екі бөлек ұғым екенін айтты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасына сәйкес:
Жыныс – адамның туғаннан бастап ие болатын биологиялық, физиологиялық жəне анатомиялық сипаттамалары.
Гендер – әйел мен еркектің, ұл мен қыздың қоғамдағы әлеуметтік рөлдері. Бұған әлеуметтік норма, жосық және бір-бірімен қарым-қатынас құруы да жатады. Гендер түрлі қоғамда түрлі сипатқа ие болып, уақыт өткен сайын өзгеруі мүмкін.
Гендерлік стереотиптерді өндіру мен күшейту
Қазақстан қоғамында әйел мен еркектің рөлі жөнінде көптеген таптаурын бары жасырын емес. Бұл патриархал және авторитар көптеген елде, сондай-ақ ең демократиялы мемлекеттерде де кездесуі мүмкін. Зерттеушінің айтуынша, жоғарыда аталған қызыл, көк түстерді қолданудың өзі гендерлік стереотиптердің сақталуын қамтамасыз етеді: «Бұл тек гендерлік бинарлық* қана емес, гетеронормативті стандарт* болып кетеді. Адамдар кейін «батыр» я «ханшайым» туылады деп айтады. Ең қызығы, осы гендер патиді алғаш жасаған әйелдің қызы өз гендерін әлі анықтаған жоқ»– дейді Махаббат. Ол қыз костюм кигенді жақсы көріп, өзін she\her деп атағанымен, гендерімді әлі таңдамадым дейді екен.
*Гендерлік бинарлық – тек екі гендер (ер мен әйел) барын білдіретін ұғым. Адамның туған сәттегі жынысының әлеуметтік я дәстүрлі маскулин және феминин ұғымдарымен сәйкес болуы.
*Хетеронормативтік – хетеросексуалдықтың, яғни қоғамда қалыптасқан ер мен әйелдің, жалғыз табиғи және қалыпты қарым-қатынас деп есептелуі.
Сондай-ақ, Қазақстанда ата-ана мен ата-әжелердің ұл баланы күтуі, қоғамда ұл рөліне басымдық беруі бұрыннан бері бар мәселе. Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылардың видеосынан мұндай көңіл-күй байқалмайды, дегенмен Махаббат олардың қаншалықты шынайы екенін білмейміз деп жауап берді: «Біздің әлеуметтік желіден көретініміз – адамдардың сығып, бізге бергені. Біз, мысалы, апалардың, енелердің қайын жұрттың қандай реакция танытқанын көре бермейміз. Бірақ Қазақстанда гендер селекциясы (таңдауы) маңызды тақырып. Мысалы, узиге барып, бала жынысын анықтаған соң түсік жасататындар бар. Бала туғаннан кейін басқалармен алмасу тәсілін ойлайтындар да бар»– дейді Махаббат Боранбай.
Өткен жылы көптеген БАҚ Қазақстанның түсік жасатудан әлем бойынша үшінші орында тұрғанын таратты, кейін Factcheck.kz сайты мұның манипуляция екенін жазды. Өйткені статистика он бес жыл бұрынғы дерекке сүйеніп жасалған. Дегенмен бұл Қазақстанда мұндай мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы 1000 фертильді (яғни бала босану мүмкіндігі бар) әйелге шаққанда 15,7 түсік жасалған. Кейінгі 20 жылда тұрақты түрде түсік саны азайып келе жатыр.
Бұған қарамастан, Махаббат Қазақстанда гендер селекциясы және болашақ аналар жағдайы өте өзекті мәселе деп отыр: «Ата-аналар баланың жынысын білген соң не істейді? Медбикелер, гинекологтар оларға қандай психологиялық көмек көрсете алады? Егер баланың жынысы өзі ойлағандай болмаса, әйел не істейді, қайда барады? Біздің патриархал қоғамда гендер патиден бұрын аборт, бедеулік және гендер селекциясы мәселелері бар. Меніңше, ата-ана гендер пати арқылы болашақ баланың өмірін ғана тойлайды, бірақ олар тек ұл күтсе, онда оны мүлде жасамайды деп ойлаймын»– дейді сарапшы.
Зерттеуші гендерлік стереотиптермен күресу үшін мектеп кезінен оны балаларға оқыту маңызды деп есептейді. Гендерге қатысты стереотиптердің қандай зияны бар екенін, ананың ғана емес, әкенің де қандай болуы керектігі туралы сұрақтардың жауабы болуы тиіс. Махаббат Боранбай патриархал қоғамда қалыпты ұғымға айналған әкенің негізгі рөлі – ақша табу деген түсінік қате екенін ескертеді. Зерттеушінің айтуынша, «қыз сияқты жылама», «қызтеке» сияқты сөздерден аулақ болып, балаларға кез келген түстегі киімдерді алып берген жөн. Бала өз пікірін үйде көретін тәрбие арқылы қалыптастыратындықтан, отбасыдағы гендер рөлі оған басым әсер етеді. «Қуыршақ» я «көлік» сияқты ойыншықтар баланың әлеуметтенуіне ғана көмектесетін құралдар. Сол себептен баланың өзі қалаған ойыншықты алып беріп, оның жеке шекарасын қорғау аса маңызды.
Зерттеуші атап өткендей, гендер патидің тез танылуының бір себебі – ата-аналардың өз қуанышын жақындарымен бөлісу мақсаты. Мысалы, қазір адамдар туған күнін жыл сайын тойлайды, өзге мерейтойларды да атап өтеді. Яғни бұл капиталист және индивудуалист қоғамның дамуымен де тығыз байланысты. Гендер пати жасау немесе жасамау – болашақ ата-ананың жеке таңдауы. Алайда әрбір іс-шара адамның психологиясына, санасына және денесіне еш зақым келтірмейтін болуы керек екенін ұмытпағайсыз.
Материал ProGENDER курсы аясында даярланды. ProGENDER курсын Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырады.