Экология мәселелерін шешудің бір жолы ретінде қалдықты сұрыптау жастар арасында жаңа үрдіске айналып келеді. Дегенмен сұрыпталған қалдық қайта өңделетініне сенбейтін адам да аз емес. Экология министрлігінің экоамбассадоры, экотренер Мариям Қасымова бұл туралы ҚЖАҚ ұйымдастырған астанадағы «Тірі кітапхана» шарасында айтып берді.
Құндыз Мұханғали
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2020 жылы жан басына шаққандағы коммуналды қалдық шамамен 197 килограмды құраған. Жалпы коммуналдық қалдық көлемі 2,8 миллион тоннаны құраса, 2021 жылы 3,2 миллион тоннаға дейін өскен. Яғни қоқыс көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді.
Қоқысты өртегенде ауаға улы заттар бөлінеді. Экологияға тигізер зардапты азайтудың бір жолы – қалдықты қайта өңдеу, тауарға айналдыру. Заманауи технологиялар одан түрлі шикізат, киім, жиhаз, тағы да басқа көптеген зат жасап шығара алады. Мариям Қасымова ең әуелі адамның «қоқыс» пен «қалдық» деген түсініктер ара жігін ажыратуы маңызды деп есептейді.
Қалдық – қайта өңдеуге болатын заттар. Бұған пластик, қағаз, шыны, киім, алюминий банкалары және басқа да заттар жатады.
Қоқыс – қайта өңдеуге келмейтін қалдықтан басқа заттар. Бұған көбіне тамақ қалдықтары кіреді.
Барлық қалада болмаса да, еліміздің кей аймағында сары және жасыл түсті контейнерлер орналасқан. Сарыға – пластик, қағаз, шыны және металл салынуы тиіс. Олар әдетте құрғақ және қатқыл болады. Мұнан басқа қалдықтарды: тамақ, жеке гигиена заттарын, тоқыма өндірісін және ағашты жасыл контейнерге салу қажет.
«Тек екі түрлі контейнер болу себебі – халықты аз уақыт ішінде қалдық сұрыптауға үйрету. Өйткені мұнан көп түрі болса, адамдар шатасып кетуі мүмкін»,- деп, маман неліктен әзірге кей елдердегідей бірнеше қоқыс жәшігінің жоқ екендігін түсіндірді.
Мариям Қасымова астанадағы барлық қоқыс соңында бір көлікке салынатыны туралы ақпарат – миф дейді. Өйткені сары контейнердегі қайта өңделетін заттарды – ақ, ал жасыл контейнерді – қызғылт сары түсті көлік алып кетеді. Маман мұны әрбір адам жеке бақылап көз жеткізе алатынын сендіреді.
«Түрлі мифті естігенде арнайы маманнан сұрау өте маңызды. Ақпарат қате болса, әр адам әлем жайлы өз картинасын құрастырып алады», – деп, маман жағдайдың олай еместігін түсіндірді.
Мұнан соң жиналған барлық қоқыс пен қалдық қоқыс өңдеуші зауытқа жеткізіледі. Қалдықтар сол жерде орналасқан конвейерде сұрыпталады (Астана қаласындағы зауытта). Бұл жұмысты зауыт қызметкерлері атқарады. Маманның айтуынша, олардың жұмысын жеңілдету үшін қалдықты әу бастан өз үйіңізде сұрыптаған абзал. Ал қағаз бен картон тамақ қалдықтарымен араласқанда, қайта өңдеуге жарамсыз болып қалады.
«Негізінде, макулатура мен платистикті арнайы қабылдау пунктеріне апарған дұрыс. Сонда олар өте таза әрі жоғары сапада болады. Болмаса, сары контейнерге салу керек. Зауытта тек сұрыптау ғана емес, қайта өңдеу процесі де жүреді. Мысалы, пэт-флекстен (-пластик қалдығы) жастық пен ойыншыққа арналған толтырғыштар, синтетикалық кілемдер жасалады», – деп, экотренер сұрыптаудың маңыздылығын түсіндірді.
Шикізат сұрыпталған соң, тазартылып, кептіріледі, сосын кішкентай гранула сияқты бөліктерге айналады. Дайын шикізатты өзге бір компания сатып алады. Маманның айтуынша, қазіргі сәтте күнделікті тонналап келетін қалдықтың тек 10-15 пайызы өңделеді. Energyprom мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 1,2 млн тонна қалдық қайта өңдеуден өткен. Ең көп өңделген қалдықтарға пластмасса, пластик, полиэтилен жатады. Одан кейін макулатура, картон, қираған әйнек, тамақ қалдықтары, ағаш, түсті және қара металл, киім және шина қайта өңделеді. Ал қалған 1,9 млн тонна қоқыс тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына жіберілген.
Халықтың қалдықты аз сұрыптауы – қайта өңдеу процесін тоқтатып тұрған мәселенің бірі. Бірақ қазіргі сәтте сары және жасыл контейнер еліміздің барлық қаласында орналаспаған. Басқа аймақтағы тұрғындар қалдықты сұрыптауға ниет білдірсе, қабылдау пунтктеріне барып, тапсыруы қажет. Сондай-ақ, Мариям Қасымова жергілікті белсенділер мен экоблогерлерден өзекті ақпаратты біліп отырған жөн дейді.