Мерзімінен бұрын сайлау конституциялық реформаларды іске асыру үшін қажет болды ма? Түсіндіреміз

1 ноября 2022 г. Выборы
Akorda.kz


Мезгілсіз сайлауға үш аптадан аз уақыт қалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында реформаларды жүзеге асыру үшін бірден-бір қадам — сайлау екенін айтты. Шынымен солай ма? Президент Тоқаев сайлаусыз-ақ реформа жүргізе алмас па еді? Сарапшылармен сөйлесіп, осы сұраққа жауап іздедік. 


Ақдидар Әбдімаулен 


Қариннің сөзінше, сайлау науқандарын кезек-кезек өткізу нәтижесінде барлық саяси институт алдағы жарты жылдың ішінде толықтай жаңартылмақ. Заң бойынша, Қазақстанда президент сайлауы 2024 жылы өтуі керек еді. Бірақ Тоқаев 2022 жылы күзде мезгілсіз президент сайлауын өткізуді ұсынды. Заңгер, конституциялық құқық маманы Акиф Сулейманов Конституциялық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, мемлекеттегі маңызды саяси оқиғалар негізгі заңда көрсетілген мерзімдерде болуы керек деп есептейді. «Кейінгі отыз жылда Қазақстанда өткен кезектен тыс сайлау жаңа саяси реформаларға жол ашады деп айтып келеді. Бұған дейін болған сайлаулар мемлекеттің жоғары органдарына, мемлекет өкілдеріне әсер етпеді. Бұрынғы президент кезінде барлық сайлау кезектен тыс болды. Халық тұрақтылыққа үміттенді, алайда ол көкжиектен де көрінбеді», – дейді заңгер.


17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу туралы және т.б. Конституциядағы түзетулерге қол қойды. Сайлау туралы бұл өзгеріс референдумнан кейін қосылды. Акиф Сулеймановтың пікірінше, Тоқаевқа бұл өзгерістер мемлекет үшін қажет болып көрінсе, оны маусым айында референдум өткізген кезде жасауы керек еді. «Тоқаев бір жыл ішінде Конституцияға екі рет өзгеріс енгізді.  Бұл тіпті бірінші президент Назарбаев кезінде де болмаған», - дейді заңгер. 


Қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Қазірге дейін оған алты рет өзгеріс енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылы. 


Ал Narxoz университетінің қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Роза Өміртайдың айтуынша, бір ғана мерзім президент болу – құптарлық жағдай. «Өйткені елімізде билік ұзақ жылдар бойы бір адамның қолында болды. Сайлау 2024 жылы өткенде, Тоқаев қайта сайлауға түсе алатын еді. Президенттікте жеті жыл мерзім мен бір реттік қызмет атқару туралы өзгерістен соң, ол сайлауға екінші рет қатыса алмайды», – дейді.


Акиф Сулеймановтың айтуынша, Назарбаев басқарған уақытта болған парламент әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. «Тіпті сол парламент президентті коалиция құру арқылы ұсынды. Ештеңе өзгермеді, биліктегілер өз позициясында қалды», – дейді ол. Оның сөзінше, Тоқаевтан басқа кандидаттар Қазақстанда өз іс-әрекеттері, қандай да бір жұмысы, қоғамдық қызметі және мемлекеттік қызметімен ерекшеленбейтін адамдар.


Сайлау кезінде бәрі алдын ала ойластырылғанына халықтың көзі жетті. Өйткені Халық коалициясы бір күнде пайда болып, Тоқаевты үш партия және ондаған бірлестік қолдап шықты. Оның ішінде AMANAT партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» партиясы, «Ардагерлер ұйымы» бірлестігі, Qazaqstan Team қоғамдық жастар бірлестігі мен Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдары бар. «Тоқаев 2019 жылдың маусымында президент болып сайланып, үш жарым жыл бойы билікте болды. 20 қарашада оның жеті жылдық мерзімге қайта сайланатынына күмәнім жоқ. Сонда ол он жылдан аса уақыт билік басында қалмақ», – дейді Сулейманов.


Саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа берген сұхбатында билік сайлау процесін бұрынғыдай бақылауда ұстайтынын айтады. Оның сөзінше, сайлау комиссиясының мүшелерін президент пен оның айтқанынан шықпайтын парламент тағайындайды. «Сайлау комиссиялары Тоқаевтың пайдасына жұмыс істейтініне күмән жоқ. Сайлауды бұрмалаудың орталықтандырылған жүйесі де осыдан шығады. Жоғарыдан қандай нәтиже керегі жөнінде тапсырма түседі, жергілікті комиссия соған қарай бюллетеньді топтап салу, хаттаманы өзгерту сияқты заң бұзуға барады», – дейді Әлжанов. Саясаттанушының айтуынша, кандидаттарды тіркеу процесі де президенттің бақылауында тұр. Айта кетсек, сайлау туралы заңда президент кандидатына қойылатын талаптар бар. Әлжанов мұндай дискриминациялық ережелер арқылы ескі оппозицияның өзінен ешкімді таңдап алу мүмкін емес дейді. «Мемлекеттік қызметте бес жыл істеген тәжірибесі бар үш-төрт адам бар, бірақ олардың беделі нашар. Яғни, мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар адамдар бір кездері қазіргі саяси жүйенің ішінде болған», - дейді саясаттанушы.


Тоқаев Қаңтардан бері «Жаңа Қазақстан» құру туралы айтып келеді. Алайда билік ескі әрекеттер жасауын тоқтатпады. Сайлау алдында әдеттегідей студенттерді дауыс беруге мәжбүрлеу басталды. Қазақстандық университеттердің бірінде топ кураторы сайлауға қатысу үшін студенттердің тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуде болуға тиіс екенін жазған. Ал ол болмаған жағдайда университетке тіркелуге болатынын айтқан. Жақында Түркістан студенттерін Тоқаевты қолдау шарасына қатысуға мәжбүрлеп, суықта бірнеше сағат ұстаған


Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Тоқаев қалаған уақытында президент сайлауын өткізе алатын Назарбаев секілді президент, екінші елбасы болып отыр. Власть басылымына берген сұхбатында ол сайлау заңда қалай жазылса, солай уақытында өтуге тиіс екенін атап өтті. Оның түсіндіруінше, Тоқаев мезгілсіз сайлаусыз-ақ реформаларды жүзеге асыра алады. «Парламенттің президент қалауымен Конституцияны өзгертіп беретіндей өкілетін шектеу керек. Тоқаев қазір қолында абсолют билігі бар президент ретінде демократиялық реформаларды бір бұйрығымен жүзеге асыра алатын деңгейде, бірақ ол өз билігін керісінше күшейту үшін отыр. Өйткені қазір елде жағдай қиын, халық күннен-күнге кедейленіп барады, қаңтардағы әлеуметтік протесттік көңіл-күй ешқайда кетіп қалған жоқ. Тоқаевқа деген сенім күннен-күнге азаймаса, күшейметіні анық, сол себепті Тоқаев жолдаудағыдай популистік идеяларды ұсыну арқылы қайтадан өзіне деген сенімді күшейтіп, тағы да 5 жылдық мерзімге сайланып алуға тырысып отыр», – дейді Нұрсейітов.


Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза тапқандар тізімін референдум өткен соң жариялады. Тізімде 238 адамның фамилиясы мен есімінің бас әріптері жазылған, басқа ақпарат жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туыстары тоғыз айдан бері әділ тергеуді талап етіп жүр. Ал билік қарапайым халыққа кім оқ атқанын әлі мәлімдемеді. Тоқаевтың сайлауалды жолдауының тақырыбында «Әділетті Қазақстан» сөзі кездеседі, бірақ саяси репрессиялардың қарқынына қарап, құқық қорғаушылар жақын арада Қазақстанда әділдік орнайтынына сенбейді. 

Следите за нами в интернете