Қазақстан жастарының ақпараттық
қызметі еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың шынайы өмірі мен жағдайын
көрсету мақсатында «Аймақтағы жастар»
айдарын бастады. Бүгінгі материалда Батыс, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында өмір
сүретін жастардың туған мекені туралы сөз қозғалады.
Дисклеймер:
Кейіпкерлердің пікірі редакция пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Амангүл Шернияз, 19 жаста
– Мен Батыс Қазақстан облысы Қазталов
ауданына қарасты Еңбек ауылында тұрамын. Ол Орал қаласынан 5-6 сағаттық жерде
орналасқан. Қала мен аудан арасындағы жол жақсы болғанымен, ауылға дейінгі
жолдың сапасы нашар. Таза ауыз су үйлерімізге әлі кіргізілмеді, суды құдықтан
аламыз. Жақын орналасқан Ресейдің интернетін мегафон сим картасы арқылы
пайдаланамыз.
– Өңірдің білім деңгейі қандай?
– 25 шақты үйден тұратын ауылда
бастауыш сыныптарға арналған мектеп, кішкентай медпункт, мәдениет үйі,
кітапхана бар. Мен көрші Қараоба ауылындағы мектеп-гимназиясында оқыдым. Пәндік
олимпиада, жарыстар, ҰБТ көрсеткіштері бойынша мектебім ауданда алдыңғы орында
тұр. Басқа ауыл мектептерімен салыстарғанда ондағы білім деңгейі жоғары.
Бірақ ағылшын, информатика
пәндерінен берілетін білім туралы олай айта алмаймын.
11 жыл бойы ағылшын тілін оқитынына
қарамастан, оқушылардың біразы мектеп бітіргенде тек B1 деңгейін меңгеріп
шығады. Жоғары деңгейде білетіндердің көбі курстарға барған немесе жоғары
білімді мұғалімдерге тап болған. Мәселен, қазір ауыл мектебінде ағылшын тілін
өте білімді мұғалім оқытатынына байланысты оның оқушылары тілді жақсы біледі.
Бірақ көп ауылда білікті мұғалім тапшы. Бұл ауыл мектебінің ғана емес,
қалалардағы білім ордаларының да проблемасы. Информатика пәнінен компьютер
жетіспегенін былай қойғанда сабақтың өзі де қызықсыз өтетін. Білуімше, қазір
барлық оқушыда компьютер бар. Бірақ компьютердің болғаны информатика пәнін
оқушылардың қажетті деңгейде меңгеріп жатырғанын білдірмейді.
Қазір Қараоба ауылындағы мектепте
және кейбір үйлерде интернет желісі қондырылған. Бірақ ол жиі кідіретініне
байланысты онлайн оқуға жақсы мүмкіндік бермейді. Осыдан екі жыл бұрын интернет
мүлде болмай, керек ақпаратты кітапханадан іздеп жүретінбіз.
Жастарға арналған орталықтар болмаса
да, мектептен тыс би, сурет, домбыра, күрес секілді үйірмелер бар. Үш жыл бұрын
футбол ойнауға арналған үлкен алаң жасалды.
– Жастардың жұмысқа тұру мәселесі
қандай деңгейде?
– Аудандағы жастардың жартысына жуығы
тоғыз не 10-сынып бітіріп, колледждерге кетеді. Біразы мектеп бітіріп, Алматы,
Орал, Астана қалаларындағы университетке түседі. Көбінің таңдайтын мамандықтары
– мұғалім және дәрігер. Қазір IT
мамандарға сұраныс артып тұрғанына қарамастан, оны жиі таңдамайды.
Университетке бармай, ауыл шаруашылық, қожалықпен айналысып кететін жастар да
бар. Үлкен қалалардағы жастар оқу бітіргесін ауылға қайтып келмейді. Себебі
оларға сай жұмыс жоқ.
Ауыл-ауданда жұмысқа тұру бойынша
пробеламаны байқамадым. Жұмыссыз адамдар сирек кездеседі. Оған қоса қазір
мемлекет жеке кәсіпкерлердің бизнес бастауына айтарлықтай көмек көрсетеді. «Даму»
секілді мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіп, қожалық ашып алып жатқан
адам ауданда көп. Ауылымда ауыл шаруашылығы, қожалық жақсы дамыған,
азаматтардың біраз бөлігі осы салада жұмыс істейді.
Мемлекеттің сапалы білімге жете көңіл бөлгенін қалаймын. Ауыл жастарының көбі білімге құштар жандар. Тиімді мектеп бағдарламасы білікті мұғалімдермен үйлесім тапса, жастардың білім деңгейі жоғары боларына сенімдімін. Екіншіден, мемлекет ауылды жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етсе деймін. Интернеттің берер мүмкіндігі мол.
Мира Сәндіғалиева, 23 жаста
– Мен Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы,
Қаратал ауылында Шығанақ Берсиев атындағы орта мектепте волейбол үйірмесінің
жетекшісімін. Ойыл ауданы Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан
әкімшілік бөлікке жатады. Халық саны 20 мың адамнан жоғары. Ойыл 22 елді мекен,
жеті ауылдық округтен құрылған. Мен сондағы Қаратал ауылында тұрамын.
– Өңіріңізде қандай проблемалар бар?
– Ауылымыздың өзекті мәселелеріне тоқталатын
болсақ, бірінші кезекте жол және газ мәселесін айтар едім. Ауданға барар
бағыттағы 25 шақырымдық жол күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылымда қазіргі
күнге дейін көгілдір отын тартылмады. Газ келеді деген ақпарат осыдан екі-үш
жыл бұрын айтылған. Биыл тартылады деген халықта сенім бар. Тағы бір айта
кететін мәселе – ауданға
және облысқа баратын көліктің жол ақысының себепсіз қымбаттауы. Яғни, Ойыл мен
Ақтөбе арасында жол өте жақсы деп айта аламын. Бағаны көтеруге еш негіз жоқ деп
ойлаймын.
Сонымен қатар, Қараталда жастардың
уақытын тиімді жұмсауға арналған арнайы орындар мүлде жоқ. Біздің ауыл халық
саны бойынша ауданнан кейін тұр. Сол себепті спорттық кешен мен жастарға
арналған арнайы демалыс орындары ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Ауылда қандай мамандар сұранысқа ие?
– Мұғалім және дәрігер. Ауылда бір
мектеп болғанымен, қазірдің өзінде физика, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің
мұғалімдері жеткіліксіз. Ал дене шынықтыру пәнінен беретін маман тым көп. Бір
мектептің өзінде алты дене шынықтыру мұғалімі бар. Меніңше, сағат саны
жетпейтін білім ордасына мамандарды есепсіз алудың ешқандай қажеті жоқ деп
ойлаймын. Сонымен қоса, дәрігерлік амбулатория біреу болғанымен онда да кадр
жетіспеушілігі бар. Байқауымша бізде техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарға
оқитын жастар саны өте көп. Олар мұғалімдік пен дәрігерлік мамандықтарын
таңдаса, ауылда білікті маман көбейер еді.
Жалпы, біздің мектеп түлектері,
жан-жақта білім алып жүрген студенттердің басым бөлігі Ақтөбе қаласындағы
жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Жас мамандардың ауылдық жерге
жұмысқа орналасу деңгейі төмен деп айта аламын. Себебі университет бітірген
жастар өздерінің кіндік қаны тамған жері, білім алып өскен ордасы – ауылға
емес, қалаға, өзге жақтарға кетуге бейім.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Ауылдың табиғаты тамаша болғандықтан
бос уақытымның басым бөлігін достарыммен табиғат аясында өткіземін. Қараталдан
15-20 шақырым жерде орман шаруашылығы орналасқан. Онда қайың, қарағайдың
түр-түрін кездестіресіз. Ауасымен демалып, серуендеудің өзі бір ғанибет. Туған
жерімде Барқын құмы бар. Оның емдік қасиеті мол. Құрбы-құрдастарымызбен
демалуды жоспарласақ осы жерлерге барып, самаурын қайнатып, серуендеп, бой
жазамыз.
– Ауылыңыздың ерекшеліктері қанадай?
– Менің ауылым киелі мекен. Себебі бұл
жерден әулие, сынықшы Сүлеймен ата шыққан. Қаратал – тары
өсіруден рекорд жасаған жер. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев те менің
жерлесім. Сондықтан мен туған жерімді кез келген жерде мақтанышпен айта аламын.
Ауылым алтын бесігім, маған ол
ыстық. Басқа жаққа көшкім де келмейді. Сол себепті жастарды ауылға шақырар
едім. Өсіп-өніп, білім алған мекенге келіп, қызмет ету біздің парыз деп
ойлаймын. Менің ойымша, ауыл солай биікте қалуы керек, сол ауылға ерінбей бару
керек. Адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де тамуы керек.
Мейрамбек Абенов, 25 жаста
– Қазір мен туризм саласындағы
Mangystau Safari компаниясында гид қызметін атқарамын. Бейнеу ауылында дүниеге
келіп, сол жақта орыс мектебін бітірдім. Бүгінде ауылым мен Ақтау қаласының
арасында қатынап тұрамын.
Жалпы, Маңғыстау –
туризмі дамып келе жатқан мекендердің бірі. Соңғы жылдары жер-жерден келетін
туристер саны артты. Олардың бәрі біздің мекенді көріп таңданып кетеді. Себебі
мұнда адамның көзі көрмеген, аяғы баспаған жерлер көп.
Маңғыстау ежелгі Тетис мұхитының
орнында пайда болғандықтан бұл жерде Бозжыра, Жығылған, Тұзбайыр, Ыбық, Қараман
ата, Боқты, Қарынжарық деген көз тартарлық ландшафты өзгеше жерлер бар. Сенек,
Үштаған деген құмды мекендер өз алдына ерекше.
Маңғаз жерімізде 362 әулие
жерленген. Сондықтан Маңғыстау киелі жер саналады. Бекет атадан бастап Шақпақ
атаға дейін тарихи тұлғалардың басына зиярат жасап, құран бағыштап келетіндер
аз емес.
– Өңірлік проблемалар қандай?
Біздегі ең басты проблемалардың бірі – тұщы судың жетіспеушілігі. Ақтаудың тұрғын үйлерінде ауыз
судың орнына қап-қара лайдың ағатын кездері жиі болады. Себебі халық теңіз суын
тазартып пайдаланады.
Өңірде тұзды су ғана болғандықтан
өсімдіктер де жөнді өспейді. Тікенек, жусан, арамшөптерді, жас талдарды ғана
кездестіресіз. Бұл жерде бау-бақша өсіру қиынның қиыны. Мал асырау да оңай
емес. Ірі қара, жылқылар өте арық. Себебі бұл салаларда адамның күтімінен
бөлек, жоғарыдағы айтылған тұщы су керек.
– Қандай мамандықтар сұранысқа ие?
– Маңғыстау мұнай мен газдың ошағы
болғандықтан біздің өңірде мұнайшы көп. Соған қарамастан жастар көбіне осы
саласын таңдайды. Байқағаным, мұғалім болғысы келетіндер де баршылық. Себебі
қазір ұстаздардың жалақысы өсті, педагогиканы таңдаған студенттердің
стипендиясы да артты.
Бізде геологиялық, экологиялық
проблемалар көп. Өсімдік өсіру, жерді құнарландыру, мал күту салалары өз алдына
бір шаруа боп тұр. Ал бұл проблемаларды шешетін маман өте аз. Көбіне өңірдің
жастары ақшалы болуды көздеп, жалақысы жоғары мамандықты таңдайды. Алайда
олардың бәрі өңірімізге шынайы пайда әкелетініне күмәнім бар.
Жалпы, Маңғыстауда 27-ге жуық
колледж бен Шахмардан Есенов атындағы университет бар. Қазіргі таңда туризм
саласындағы колледж көңілімнен шығады. Себебі онда аспаз, кондитер кәсіптері
жақсы қамтылған. Таныстарымның арасында оны бітіріп, шетелдік жарыстарға қатысып,
өзін танытып жүргендер бар.
Байқауымша, Ақтау, Атырау сияқты
батыс қалаларының оқушылары көбіне Оралдағы жоғары оқу орындарына барады.
Себебі ондағы университеттерінің бағасы қолжетімді әрі білімі сапалы. Оның
үстіне, Оралда өмір сүру Ақтауға қарағанда арзан. Өзім де сол қалада білім
алғанмын. Ал біздегі Есенов атындағы университет енді бой түзеп келе жатырған
оқу орны деп айтар едім. Білімі жақсы, өңірге қажет мамандарды оқытады. Алайда
ондағы мамандықтарды кез келген адамның қалтасы көтермейді.
– Жастардың жұмысқа тұру мәселесі қандай
деңгейде?
– Жұмысқа парамен қабылдайтын жерлер
де, тәжірибеге қарап алатын мекемелер де бар. Бірақ екі қолға бір күрек табылар
демекші, шынымен де жұмыс істегісі келетін адам нанын табады.
– Білімі мен тәжірибесі болмаса да
қазір жастар жұмысты таңдап отырады, қарапайым қызметке бармаймын дейтіндер
көп. Ақшалы жерге пара беріп орналасқанша, ең қиын сынақтан өтіп жұмыс істеген
немесе мол тәжірибе жинап жоғары лауазымды иеленген әлдеқайда тиімді деп
ойлаймын. Өз біліміне сенімді, жұмысқа түпкілікті дайын адам қалаған жеріне
орналаса алады. Басымнан өткен. Дегеніне өз күшімен жеткен таныстарымнан да
мұны көріп жүрмін.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Ауылда жүргенде үй шаруасымен,
бау-бақша жұмысымен айналысамын. Басқа облыстарда тұратын достарыммен жарысып
кітап оқып, кино көріп өзара челленджер ұйымдастырамыз. Ақтаудағы достарыммен
көбіне теңіз жағасында көңіл көтереміз. 14-шағын ауданы Каспийге жақын. Сол
жақта жиі серуендейміз, болашаққа жоспар құрып, идеяларымызды талқылаймыз.
Мемлекет тарапынан жастарға
ұйымдастырылған шараларға қатысып көргенім жоқ. Бірақ жолдастарыммен бірігіп,
қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырдық. Қарттар үйіне, жағдайы төмен
отбасыларға қолдау көрсетіп, қоғамға пайдалы болуды көздедік. Соңғы төрт-бес
жылда Үкіметтік емес ұйым ашып, қайырымдылық акцияларын өткіздік. Аз да болса, мақсатымыз
орындалған сияқты.
Жалпы, Маңғыстауды жастардың дамуына
қолайлы өңір деп есептеймін. Ақтау қаласының жылдан-жылға үлкейіп, көркейіп
жатқанын байқадым. Идеясын жандандырып, кәсібін ашуға ұмтылатын жастар мұнда аз
емес. Енді жергілікті проблемаларымызды шешіп, туризм мен мұнай саласын
дамытсақ, Қазақстанның беделді облыстарының біріне айналарымыз сөзсіз.