«Үйді босатыңдар, өзім тұрамын», – деді: мегаполиске келген студенттер тәжірибесі

20 сентября 2021 г. Молодежь

Жас студент мегаполиске келгенде түрлі проблемаға тап болуы мүмкін: жатақханаға орналасу, құжат немесе зат жоғалту, пәтер іздеу, тағысын тағы. Материалымызда осындай оқиғаға тап болған үш кейіпкердің мәселесін баяндап, мұндайдың алдын алу жолын айтамыз. 

Қыркүйекте мыңдаған студент оқу мақсатымен үлкен қалаларға көшіп келеді. Ұлттық статистика бюросының 2019 жылғы мәліметінше, Қазақстан университеттерінің жартысынан астамы Алматы, Астана (Нұр-Сұлтан) және Шымкентте орналасқан. Еліміздегі әрбір екінші студент осы қалалардың бірінде білім алады. 

Құндыз Мұханғали

 

Хикая №1

 

Меруерт Алматыда оқиды, биыл төртінші курс студенті. Университет жатақханасында орын шектеулі болғандықтан, бірінші курстан кейін пәтер іздеуге тура келді. Бұған қоса стипендиядан да айырылып, жұмыс істеуге шешім қабылдайды:

 

«Пәтерде бір ай тұрған соң, үй иесі «үйді босатыңдар, өзім тұрамын»- деп, дабыл қақты. Көшуге бір күн қалғанда кешке үйге келсек, үй иесі пәтерді өз кілтімен ашып,
кіріп алыпты». 

 

Меруерт пәтердегі қыздармен бірге түнделетіп қонатын жер іздеуге мәжбүр болды:

 

«Үй есіне кет деп те айта алмаймыз. Далада қалмау үшін қаладан алыстау жерде тұратын таныс қыздың жақындарына баратын болып шештік. Өзіміз 2-курстың қыздарымыз, қалаға сұмдық үйреніп кеттік деп айта алмаймын. Сөйтіп, такси тоқтатып, түнгі сағат үште танысымыздың үйінде болдық».

 

Оқиға мұнымен аяқталмады. Меруерт үйге жеткенде құжаттарының жоғалғанын байқады. Таксиге ақшаны қолма-қол бергендіктен, қайта хабарласа алмады: 


«Көшеде сен кімсің деп, біреу тоқтатса, өзімнің кім екенімді дәлелдей алмайтын шығармын деп ойладым».

 

Келесі күні Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне барып, арыз жазды. Дегенмен үшінші күні Меруерттің Kaspi шотына жүз теңге ақша аударылып, сол кісі сөмкесін әкеліп берген. Меруерт «осы екі күннің ішінде өмірдегі ең жаман және ең жақсы адамды кездестіргендей болдым»- дейді. Кейіпкеріміз сөзін былай аяқтады:

 

«Пәтер іздеген кезде жаңыңда тұратын адамның сенімді болуы маңызды. Алдын ала төлем жасау деген нәрсеге келіспеңіз: ақшаңыз құр босқа алаяқтардың қолында кетеді. Бұған қоса, келісімшартқа отырған дұрыс».

 

 

Хикая №2

 

Мейрамгүл (есімі өзгертілді) 2020 жылдың күзінде Алматы кафелерінің бірінде жас жігітпен танысты. Алғашқы айлардағы достық кейін романтикалық қарым-қатынасқа айналған. Жігіті «сенің телефоның арқылы такси қызметін атқарамын»- деп, Мейрамгүлдің телефонын уақытша сұрап алады:

 

«Каспи.кз қосымшасы арқылы менің атымнан несие алыпты: iPhone 12 pro max және соңғы моделдегі Apple watch. Маған несие алғанын айтып, оны өзім төлеймін деді. Танысым болғандықтан, оған сендім». 

 

Жігіт алғашқы айдың несиесін төлеген соң жоғалып кетті. Мейрамгүл Алматы қаласының аудандық ішкі істер бөліміне барып, арыз жазады. Осы сәтте оның алаяқ екені және шартты түрде бостандықта жүргені анықталады. Полиция істі азаматық іс деп таниды:

 

«Оқуымды бітіруге жарты жылдай қалғанда 1.5 млн теңгеге алданып қалдым. Екі-үш айдай ешкімге айтпай жүрдім. Төлем бір ай кешіккен соң банк қызметкерлері хабарласа бастады. Кейін туыстарыма да хабарласып, олар қалаға менің жаныма келетін болды. Өзіме қол жұмсағым келгенде, жақындарым құтқарып қалды».

 

Мейрамгүл өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмады. «Бұл істі аудандық ішкі істер бөлімі қарамайды. Үмітім үзілді»- дейді. 

 

«Қандай жағдай болмасын, ата-анаға сенім білдіру керек. Өйткені олар сені әрдайым қолдайды».



Хикая №3

 

Нұрсара ҚазҰУ-дың 3-курс студенті. Екі жыл бұрын алғашқы курстың күзінде ұялы телефонын қоғамдық көлікте жоғалтқан:

 

«Шамамен кешкі алты-жетілерде құрбыммен Dostyk Plaza-дан (сауда орталығы - ред) №45 автобусқа мініп, студенттер қалашығына қайтып бара жатқанбыз. Ол кезде жатақханада тұратын едік. Он секунд өтті ме, өтпеді ме – белгісіз: ONAY төлем картасын алу үшін қалтама қолымды салсам, телефоным жоқ. Адам лық толы болмаса да, әжептәуір бар еді. Әлдебіреудің суырып алғанын анық сездім: жүрегім су ете қалды». 

 

Нұрсара бірден құрбысының телефоны арқылы өзіне хабарласты, бірақ ұры сөндіріп үлгерген. Ұры автобус ішінде екеніне сенімді болғандықтан, оны тоқтатып, жүргізушіден есік ашпауын өтінді. Алайда жолаушылар есікті ашып, жүруін талап етті.   

 

«Жасым он жетіде болғандықтан, ішкі істер бөліміне эдвайзеріммен (жетекші) бірге барып, арыз жаздық. Дегенмен мұның тек ырым екенін көпшілік біледі ғой, өйткені жоғалған телефон табылатын жағдай өте сирек». 

 

Нұрсара телефонды қалтасына салғаны дұрыс болмады деп есептейді. Осыдан кейін әр затты қолында ұстап, айналасын бақылап тұратын болған: 

 

«Автобус, аялдама, сауда үйі, базар, т.б. түрлі қоғамдық жерде өз заттарыңды бақылауда ұстап, лық толы автобусқа мүмкіндігінше отырмаған жөн».

 

Сонымен, жоғарыдағы жағдайлар қайталанбас үшін, мына лайфхактарды қолдануға кеңес береміз:   

 

·        Пәтерге орналаспас бұрын міндетті түрде келісімшарт жасатыңыз. Пәтерді қалай жалдауға болатыны жайлы нұсқаулық жазғанбыз. Нұсқаулықта келісімшарт үлгісі де бар. 

 

·        Таксиді Yandex, Uber, Didi, inDriver сияқты арнайы сервиспен шақырған жөн. Затыңыз көлікте қалса, қайта хабарласуға болады. Ал егер таксиді қол көтеріп шақырсаңыз, оның нөмірін есте сақтап алыңыз.

 

·        2GIS, Google maps немесе maps.me қосымшаларын жүктеп алыңыз. Автобустың бағытын, локациясы мен жүру уақытын көрсететін Astra Bus, CityBus және ONAY қосымшалары да өте пайдалы. 

·        Телефон ұрлығынан сақтанудың алғышарты – көшеде, қоғамдық көлікте қалтаны, сөмкені жауып жүру, әсіресе таңғы және кешкі қарбалас кезінде. Сонымен қатар, Apple смартфонында Локатор, Find My iPhone, ал android смартфонында Find my device қызметтерін қосып қойыңыз. Сатып алған затыңыздың құжаты мен түбіртегін де сақтап қойыңыз. 

·        Жатақхана немесе пәтерге жақын ауруханаға тіркеліңіз және жақын маңдағы полиция бөлімшесін біле жүріңіз. Тіркелген ауруханаңызды egov.kz жүйесінен көріп, тіркеу орнын осы портал арқылы ауыстыра аласыз. Пәтерге медициналық қобдиша алып қойыңыз, ал жатақханада тұрсаңыз, оны қызметкерлерден сұрай аласыз. 

·         Банк картасындағы қаржыдан бөлек, жаныңызда азын-аулақ монета немесе қағаз ақша болсын. Телефоныңыз сөніп қалса, интернет ұстамай қалса немесе жақын маңда банкомат істен шықса көмегі тиеді. 

·        Өз нөміріңізді және бірнеше жақын адамның телефон нөмірін жаттқа біліңіз.

·        Сөмкенің ішіне, маңызды заттарыңыздың жанына аты-жөніңіз, email адресін немесе телефон нөміріңізді жазып қойыңыз.

Следите за нами в интернете