Қазақстандағы құқық қорғаушылардың жағдайы қандай?

25 октября 2021 г. Права человека
Фото: unsplash.com

Қазақстан құқық қорғаушылары биліктен және билікке қатысты топтардан қысым көреді. ЛГБТ, гендерлік теңдік, экобелсенділерге қоса этникалық қазақтар мәселесін көтерін құқық қорғаушыларға жергілікті және халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау жеткіліксіз. 

Құндыз Мұханғали

Қазақстанда ғана емес, кейінгі жылдары көптеген елде құқық қорғаушылардың жағдайы нашарлаған. Бұл туралы Human Rights House қорының «Қорғаушыларды қорғау» зерттеу жұмысында айтылады. 

Еске сала кетейік, құқық қорғаушы заңгер емес. Ол заң саласында оқып, жұмыс істеуі мүмкін, бірақ бұл шартты емес. Әр адамның, өзі немесе адамдармен бірігіп, мемлекеттік және халықаралық деңгейде өзгелердің құқығын қорғауға және адам құқықтарын іске асыруға құқығы бар. Бұл туралы БҰҰ-ның 1998 жылы қабылданған Құқық қорғаушылар декларациясы атауымен танымал құжатта жазылған.  

Зерттеуде Қазақстан жайлы не айтылған?

Зерттеуде Шығыс Еуропа және Орталық Азияның сегіз еліндегі құқық қорғаушылардың жағдайы көрсетілген. Бұл мемлекеттерде билік құқық қорғаушыларды өзіне одақтас емес, қарсылас ретінде көреді, дәстүрлі құндылықтарға қарама-қайшы адам ретінде қабылдайды. Зерттеушілер аталған елдерді гибридті, яғни жартылай демократиялы және автократиялы мемлекеттер деп екі топқа бөледі. Қырғызстаннан басқа Орталық Азиядағы барлық мемлекет автократиялы елдер тізіміне енген, олардың ішінде Қазақстан да бар.   

Автократиялы елдердегі құқық қорғаушылардың жағдайы әлдеқайда мүшкіл. Себебі мұндай елде құқық қорғаушылардың басқан әрбір қадамы аңдулы, азаматтық қоғам әлсіз, ал қудалаушы билік органдары қуатты. Қазақстанда құқық қорғаушылар заңсыз ұстау, зорлық-зомбылыққа ұшырау, физикалық аңду, шабуылдау, фото, бейне-бақылау жүргізу,  әкімшілік айыппұл мен жала жабу үшін әдейі жасалатын кампаниялар қаупіне тап болады. Зерттеуде 2020 жылы тергеу абақтысында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділ мен пышақ жарақатынан қайтыс болған оның баласы Жанболат Ағаділдің есімі аталған. Гибридті режимдегі мемлекеттердердегі  құқық қорғаушыларға төнетін қауіп саны Қазақстандағыдан әлдеқайда аз, бірақ айырмашылығы – мұндай елдерде онлайн қудалау және цифрлы шабуыл, боттар шабуылы сияқты қауіптің жаңа түрлері бар. Бұған қоса, кей респонденттердің айтуынша, өлім қаупі де жоқ емес. Әсіресе, ЛГБТ құқығын қорғаушылар ең үлкен қауіпке тап болады. Ал әйел құқық қорғаушылар жыныстық зомбылыққа ұшырау және балаларына қауіп төндіру сияқты еркек құқық қорғаушыларда кездеспейтін қосымша кедергілермен бетпе-бет келеді.

Көп жағдайда құқық қорғаушыларға билік және билікпен байланысы бар олигархтар, бизнесмендер, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан  қысым көрсетіледі. Зерттеудегі сегіз елдің жағдайы ұқсас, мұнан бөлек Қырғызстанда консерватив ұстанымдағы радикал топтар тарапынан да қысымдар бар.  

Қазақстанда адам құқықтары саласында бірнеше ұйым мен сарапшылар ұдайы еңбек етіп келеді. Бұған қарамастан елде сөз бостандығы мен азаматтық қоғамға қысым азаймай отыр. 2020 жылдың желтоқсанында, парламент сайлауы қарсаңында салық органдары тарапынынан ҮЕҰ мен танымал құқық қорғаушыларға тексеріс жүргізілді. Бұл тексерістердің саяси астарға ие болғаны айтылады. 

Орталық Азия елдеріндегі ең белсенді азаматтық қоғам - Қырғызстанда. Алайда мұндағы құқық қорғаушылар да үкіметтен бөлек антилиберал ұлтшыл топтар тарапынан түрлі қауіп-қатерге ұшырайды. 

Құқық қорғаушыларға кім және қалай көмек көрсетеді?

Оларға жергілікті және халықаларық провайдерлер көп жылдар бойы көмек көрсетіп келеді. Қолғабыстың негізгі түрлері: психологиялық, заңгерлік, ақпарат ұсыну және қаржылай көмек. Қазақстанда қаржылай көмек алған қорғаушылардың пайызы Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан сияқты авторитарлы елдерге қарағанда әлдеқайда аз. Дегенмен барлық төрт авторитарлы мемлекетте көмек түрлері гибридті режимдерге қарағанда көбірек. Зерттеушілер мұны осы елдердегі саяси жағдайдың қиындығымен және құқық қорғаушылардың көмекке зәру екенімен байланыстырады. 

Қазақстан құқық қорғаушылары көп жағдайда жергілікті провайдерлердің қызметіне жүгінеді. Көмек көрсетуші ұйымдардың сәтті кейсі ретінде «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі аталған. Ұйым 2010 жылдан бері заң және адам құқықтары саласында түрлі көмек көрсетумен айналысады. Сонымен қатар Қазақстандағы жақсы үрдіс – құқық қорғаушыларға және жақындарына ұсынылытаны заңгерлік қолдаудың нәтижесінде оларды сотта сапалы қорғау нәтижесі бар. 

Кімдерге көмек қажет?

Зерттеушілердің айтуынша,  бірінші кезекте барлық мемлекеттегі ЛГБТ өкілдері, әйел құқығы және гендерлік теңдік мәселелерімен айналысатын белсенділер мен ұйымдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешетін құқық қорғаушыларға және экобелсенділерге көмек қажет. Ал Қазақстанда, бұған қоса, қазақ тілді азшылық топ пен Қытайдан келген этникалық қазақтардың мәселелерімен айналысатын құқық қорғаушыларға жәрдем жасалмайды. Сонымен қатар қазіргі сәтте жұмыс орындарында жойылып кеткен кәсіподақ қозғалыстары мен еңбекші құқығын қорғаушыларға да қорғаныш керек.      

Зерттеудің нәтижесі және ұсыныстары

Біріншіден, зерттеуге қатысқан елдерде құқық қорғаушыларға көмек көрсетіледі, бірақ бұл көмектің кемшіліктері бар. Көпшілік құқық қорғаушы заңды жұмысын орындау барысында түрлі қауіп-қатерге тап болады және қазіргі сәтте цифрлы қауіпке қарағанда физикалық қысым басым. Қазақстан сияқты авторитарлы елде мұндай қысым әдетте мемлекет тарапынан болады. Бұған қоса, әйел құқық қорғаушыларға сексуалды зорлық пен балаларына қауіп төнуі де мүмкін.   

Екіншіден, құқық қорғаушыларды қорғау – көмек ұсынатын провайдерге байланысты. Сондықтан көмектің қалай жүзеге асатынына, оны басқаруға, процесті жүргізуге баса назар аудару керек. Сонымен қатар әріптестердің, азаматтық қоғамның, ұйымдағы ортаның бір-бірін қолдауы да маңызды. 

Үшіншіден, жергілікті және халықаралық ұйымдар бірлесіп жұмыс істегенде көрсетілетін көмек тиімді әрі нәтижелі болады. Сондықтан донорлар осы ұйымдарды қаржылай қолдағаны жөн. Құқық қорғаушылар үкімет және елшіліктермен байланысы бар ұйымдарға күдікпен қарайды, оларға сенім жоғары емес. Шетелдің елшіліктері жергілікті билікпен арадағы дипломатиялық байланыстарды жақсарту үшін құқық қорғаушылардың халіне көз жұма қарайды деп алаңдайды. 

Зерттеуді 2019-2020 жылдар аралығындаа халықаралық Human Rights House қоры өткізген. Зерттеуге Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Шығыс Еуропадағы сегіз мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Украина, Армения, Әзірбайжан, Грузия қатысқан. Сегіз елдің құқық қорғаушылары және оларға көмек көрсетуші халықаралық ұйым өкілдерімен екі жүзден астам (212)  тереңдетілген сұхбат жүргізілді. Зерттеудің толық нұсқасын Human Rights House қорының ресми сайтынан оқуға болады

Следите за нами в интернете