Академиялық адалдық неліктен қажет? Неліктен силлабус – маңызды құжат?

29 ноября 2021 г. Молодежь, Права человека
Фото: unsplash.com

Әлемдегі көптеген университет ішкі этика кодекстері мен академиялық адалдық ережесін қабылдаған. Бұл кодекстер студент ЖОО әкімшілігі оқытушы арасындағы қарым-қатынасты реттейді, білім орнын жемқорлық пен зорлық-зомбылық, плагиат жайлаған мекемеге айналудан құтқарады. Осы материалда академиялық адалдықтың, силлабустың маңызын түсіндіреміз.

Жайлы да қауіпсіз ортада сапалы білім алу – әркімнің құқығы. Ақылы бөлімде оқысақ та, грантта оқысақ та, шын мәнінде, бәріміз жоғары білім үшін ақы төлейміз. Біріміз оқу ақысын өз қалтамыздан шығарсақ, грантта оқитын енді біріміз үшін оқу ақысын мемлекет төлейді. Ұмытпауымыз керек, мемлекет ақшасы – халықтың ақшасы. Себебі мемлекет бюджеті – азаматтардың салығынан, халыққа тиесілі қазба байлықтан түскен табыстан құралады. 

Университеттер қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Ол тек білім беріп, кәсіби маман дайындап қоймайды. Сонымен қатар, университет демократия және адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген еліміздің болашақ азаматтарын шығарады. Идеал университетте пікір алуандығы, сөз бостандығы, әділдік, ашықтық пен жариялылыққа кепілдік беріледі. Плагиат пен жемқорлыққа тыйым салынады. 

Әрбір студент университетте мына жағдаяттардың біріне кезігуі мүмкін:

  • Оқытушының әділетсіз бағалауы 

  • ЖОО-да харасментке ұшырау

  • Кампуста тәртіп бұзушылықтар жиі орын алуы

  • Топтағы студенттің үй тапсырмасын өзге біреуге тапсырыспен орындатуы 

  • Емтихан кезіндегі жемқорлық

Университеттің ішкі кодекстері мен академиялық адалдық ережелері осындай проблемалармен күресуді көздейді. Университеттің ішкі кодекстері – кампус өмірінің қауіпсіз, бейбіт, еркін және тең ұйымдастырылуы үшін қажет. Ал академиялық адалдық ережелері – таза, сапалы білімнің кепілі. Академиялық адалдық – шындық, әділдік, жауапкершілік қағидаларын сақтау. Яғни студент емтиханда, үй тапсырмасын орындау кезінде жұмысты өз күшімен жасап, ешкімнен көшірмеуі керек, ғылымға адал болуы қажет. Оқытушы да сапалы білім беріп, жұмыстарды әділетті бағалауы тиіс.

Академиялық адалдық плагиат (біреудің еңбегін өзінікі сияқты көрсету) және сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз істер арқылы бұзылады. Ешкім емтиханнан парамен өткен, біреуден көшіріп курстан курсқа ауысқан дәрігерге ота жасатқысы келмейді. Оның себебі айтпаса да түсінікті: жемқорлық пен плагиат білім сапасын төмендетіп, біліксіз мамандарды шығарады. Мұның кесірі бүкіл қоғамға тиеді.

Бұл кодекстерді қайдан көруге болады? 

Әдетте ережелер ЖОО-ның веб-сайтына немесе ішкі портал жүйесіне жарияланып, студенттер мен қызметкерлерге таныстырылады. Тәртіп бұзған адамға ескерту беруден бастап, кампусқа кіруге тыйым салу немесе оқудан шығаруға дейінгі түрлі шаралар қолданылуы мүмкін. Мысалы, Назарбаев Университеті қабылдаған студенттердің мінез-құлқы кодексінде тәртіп бұзушылықтарды «академиялық» және «академиялық емес» деп екіге жіктейді. Тәртіп бұзушылықтардың әрбіріне көлемі, зияны, жиілігіне байланысты әртүрлі шара қарастырылған.

Неліктен бұл ережелерді білу маңызды? 

Көп жағдайда, студенттер адалдық ережелерін білмегендіктен қателеседі, ал кейде ережені білмегендіктен өз құқығын қорғай алмай жатады. Сол себепті университет сайтынан, ішкі веб-порталынан ережелерді оқып, танысып алғаныңыз жөн. Ал құжаттарды таппаған жағдайда, ЖОО әкімшілігінен талап етіңіз. Мұндай құжат қолжетімді болмаса, университеттегі құқықтарыңыздың бұзылуы оп-оңай. 

Силлабус дегеніміз не?

Қысқаша айтқанда, силлабус – оқытушы мен студент арасында жасалған келісімшарт. Оқытушы семестр басында студенттерді силлабуспен таныстыруы тиіс. Силлабуста мынадай ақпарат қамтылады:

  • Курс барысында не өтіледі?

  • Курс нәтижесінде студент қандай дағдыларын жетілдіріп, не үйреніп шығады?

  • Курс қатысушыларынан не талап етіледі?

  • Курс барысында қандай әдебиеттер пайдаланылады?

  • Жұмыстар қандай критерий аясында бағаланады?

  • Емтихан қандай форматта өтеді, т.б.

Неліктен силлабус маңызды құжат?

Силлабус – оқытушы мен студент арасындағы келісімшарт. Келісімшарт болмаған жерде:

  • жауапкершілік орындалмайды 

  • құқық бұзылады

  • билік асыра пайдаланылады 

Сондықтан семестр басында оқытушыдан силлабус беруін талап етіп, ол құжатта курсқа қатысты бүкіл мәлімет жазылғанын тексеріп алған жөн. Өз құқығыңыз бен жауапкершіліктеріңізді толық білу – сапалы білімнің алғышарты. Университетте өз құқығын қорғап, жауапкершілігін орындамаған адам кейінгі өмірдегі құқығын қорғай алмайды, жауапкершілігін де орындай алмайды.

Следите за нами в интернете

Другие новости и события