Биыл ҰБТ-да түлектердің 51 мыңға жуығы (33 пайызы) шекті балл жинай алмаған. Кейінгі кездері нарықта ҰБТ-ға даярлайтын ақылы курстардың саны артып, орта мектептен бөлек арнайы орталыққа баратын оқушылар да көбейді. Ондағы оқу құралдары мен ұстаздардың сабақ беруі мектепке қарағанда өзгеше. Бұл курстардың расымен пайдасы бар ма? Осы сұрақты жас түлектерге қойып, олардың пікірін сұрадық.
Ақдидар Әбдімаулен
«Дайындық курстарына миллионға жуық ақша жұмсалды»
Балзат қалаған мамандығына грантқа түсу үшін ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастаған. 11-сыныпқа көшкенде ҰБТ-ға даярлайтын арнайы мектепке ауысты. Кешкі уақытта Балзат бөлек онлайн курсқа қатысады. Оның айтуынша, екі жыл ішінде дайындық курстарына миллионға жуық ақша жұмсалған. «Мектеп жоспарында керек емес сабақтар көп болды. Онда ҰБТ-ға көңіл бөлінбейді, мұғалімдер жағынан қысым болды. Ұстаздар өз сабағын ең маңызды көріп, тапсырманы да көп береді. Оның барлығын жасап отырсам, тестке қашан дайындаламын? Сондай-ақ мектепте тесттен жоғары балл, жақсы рейтинг күтеді», - дейді Балзат. Оның сөзінше, мектептегі мұғалімдер 11-сыныпқа келгенде көп талап қойып, одан сайын жағдайды ушықтырады. Балзат ҰБТ тақырыбы басталғалы стресс алғанын айтады.
«Алғашында ҰБТ-ға дайындықты неден бастауды білмедім. Сондықтан курсқа баруды шештім. Онда мұғалімдер кітаптан байқамаған заттарды түсіндіріп, үйретті. Әрдайым қадағалап отырады. Психологтар бар, мұғалімдер моральдық көмек береді», - дейді оқушы. Балзат дайындық курсына қатысу үшін алдымен бірнеше білім беру орталығын зерттеген. Достарының пікірін сұрап, әлеуметтік желіден курстың артықшылықтары туралы іздеген. Балзатқа қазір оқып жүрген мектебінде ҰБТ-ға керек ақпараттың болғаны, мұғалімдер мен оқыту тәсілдері ұнайды.
«Өзіндік дайындық кезінде оқуға ұмтылыс болмады»
Келесі кейіпкеріміз Дана да ҰБТ-ға дайындықты неден бастарын білмегенін айтады. Жаңа оқу жылында достарының курсқа қатысқанын көріп, арнайы оқу орталықтарына баруды шешкен. «Өзіндік дайындық кезінде оқуға ұмтылыс болмады. Сонымен қатар нақты білмеген соң, керек емес дүниеге уақыт жоғалтып алудан қорықтым. Ал курста мұғалімдер көп ақпарат береді», - дейді Дана. Оның сөзінше, дайындық курсына ақша төленетіндіктен, жауапкершілік те жоғары болады. Дана қазір екі пән бойынша білім алып жатыр, онда ай сайынғы төлем – 20 000 теңге. Оқушы нарықта саны көп, сапасы төмен курстардың көп екенін айтады. Түсіндіруінше, барып жатқан дайындық орталығын таңдауға достарының жақсы нәтижесі себеп болған. «Мұғалімдер ұнайды, тақырыптарды басынан бастап үйретеді. Ал мектепте сұраққа жауап бере алмағанда «11-сыныпқа келіп білмеуің ұят қой» деп айтады. Оған сыныптастарың да күледі», - дейді оқушы. Дананың айтуынша, оның грант жеңіп алуы ата-анасына көмек болады. Ол студенттік шағын Алматыда өткізгісі келеді. Сондықтан тестке дайындығы жақсы болуы үшін курстарға баруды әрі қарай жалғастырмақ.
«Грантта 4 жыл ғана оқисың, ал мамандық өмір бақи қалады»
Нурикамал қазір жоғары оқу орнында 1-курста оқиды. Ол да мектеп бітірер кезде ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін дайындық курстарына барған. 11-сыныпта жаңа мектепке көшіп, мұғалімдермен жақын араласа алмай, олардың қосымша сабағына бара алмаған. Оқу жылы басталғанда мұғалімдер оқушыларға курсқа барыңдар деп кеңес айтқан. «Жаңа мектепте білім беру жүйесі төмен болды. Оқушылар сабаққа келмейтін, мұғалімдер талапшыл болмады. Арасында сабақты үйден онлайн форматта оқыдық. Мұның барлығы тестке дайындалуға кері әсер етті. Сондықтан дайындық курсына жазылдым», - дейді Нурикамал. Оқушы ҰБТ үшін екі курсқа жазылып, сабаққа қатысуға 200 000 теңге жұмсалғанын айтады.
11-сыныпқа дейін Нурикамалдың ата-анасы оның мұғалім болғанын қалаған. Бірақ тест нәтижесі педагогика саласында оқуға жетпеген. «Грантта 4 жыл ғана оқисың, ал мамандық өмір бақи қалады. Сондықтан өзім қалаған көркем еңбек және сызу мамандығына оқуға түстім. Сурет салғаннан рахаттанамын, сабақтарым да күшті өтіп жатыр», - дейді студент. Нурикамал тесттен қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, еліміздегі оқушылардың 87%-ы болашақ мамандығын ата-анасы немесе мұғалімінің ықпалымен таңдайды. Ведомство мәліметінше, ата-аналардың 75%-ы өз балаласы қандай мамандық таңдағысы келетінін, ал 90%-ы қандай мамандыққа сұраныс жоғары екенін білмейді. Соның салдарынан ЖОО түлектерінің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Баланың мамандықты өз қалауы бойынша таңдауы туралы психолог Әсем Ілесбайдан кеңес сұрадық.
«Бала мен ата-ана арасындағы сенім дұрыс болуы керек. 11-сыныпқа келгенде бала мамандық таңдауда маңызды шешім қабылдайды. Сондықтан балаға өз өмірін қолына алуға мүмкіндік берген дұрыс», - дейді психолог. Әсем Ілесбайдың айтуынша, баланың болашақта жеке тұлға болып қалыптасуына бұл үлкен әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласын қолдап, оған сенім артып, таңдауын сыйлау керек. «Егер ата-ана қоғам сөзіне еріп, баласының шешіміне қарсы болса, бала да біреуге жағу үшін әрекет ететін болады», - дейді психолог.
Маманның сөзінше, дайындық курстары баланың дайындығына, орта қалыптастыруына әсер етеді. Себебі оқушылардың фокусы сабақта болады. Айтуынша, балада дисциплина болса, өз бетімен дайындық та жеткілікті. «Қымбат курстарға барып, ешқандай фокус болмаса, одан пайда болмайды. Сондықтан қаржылық мәселе болса, балаға жай ғана оқуға мүмкіндік беру керек. Мысалы, оның жеке кеңістігіне, тестке дайындалуына кедергі келтірмеген дұрыс. Сонымен қатар эмоционалды түрде қысым көрсетпеу керек», - дейді Әсем Ілесбай. Оның сөзінше, балада апатия, уайым болса мамандар көмегіне жүгіну қажет. Оқушылар тест жақындаған сайын күн санаумен болады, психолог мұның дұрыс емес екенін айтады. Оның орнына бала ішкі жан-дүниесіндегі ойлармен жұмыс істегені жөн.
Дайындық курстарының бағасы неше тұрады?
125 High School-да бір жылдық оқу ақысы - 790 000 теңге, айына 87 777 теңге. Офлайн мектептің бағасына форма және кітаптар кіреді.
Арыстан онлайн академиясында бір жылдық оқу 110 000-460 000 теңге аралығында түрлі пакеттерге бөлінген.
Daryn.Online онлайн курсында ҰБТ комбо 2022-2023 сабақтары 19 000 тг тұрады. Ал бір пән бағасы - 9900 теңге.
2002 жылдан бері келе жатқан «Достық» білім беру орталығында 5 пәнге және бір айға офлайн курс бағасы 61 250 теңге. Бір жылдық кітап ақысы - 40 000 теңге. Ал онлайн курстар 42 000 теңгеден басталады. Ондағы «Combo 5 пән» пакетінің бағасы - 84 000 теңге.
ҰБТ эксперті Жұлдызай Мұсаеваның айтуынша, ҰБТ курстарына оқушылардың көптеп баруына мектептегі мұғалімдердің дайындыққа жеткілікті көңіл бөлмеуі себеп болады. «Оқушыларды ҰБТ-ға дайындау үшін осы тестті тапсырып көрген, сұрақтардың қалай келетінін білетін мұғалім болу керек. Меніңше, ондай мұғалімдер мектепте аз. Курс мұғалімдері оқушыларды ҰБТ-ға дайындағаны үшін арнайы ақша алады. Сол себепті дайындық 100% тестке арналады», - дейді Жұлдызай Мұсаева. Оның сөзінше, өзіндік дайындықтағы оқушылар курсқа қатыспай ақшасын үнемдейді. Себебі арнайы дайындыққа барып, грант ұта алмай жататын түлектер де бар.
ҰБТ-ға өз бетімен дайындалуға бола ма?
Нарықта курс саны көп болса да, оның бағасын қалтасы көтере бермейтіндер бар. Дегенмен интернетте тегін ресурстар саны жетерлік. Мысалы, YouTube желісінде ҰБТ-ға арналған түрлі арналар мен сабақтар бар. Оқушы өздігінше жүйелі жоспар құрып, тегін сабақтар арқылы дайындала алады.
Сонымен қатар, App Store немесе Play Market арқылы тегін қосымшаларды жүктеп, күнделікті тест тапсыруға болады. Уақытты тиімді пайдалану арқылы дайындықты ұтымды әрі тиімді өткізу керек. Смартфонға тәуелді болуды тоқтатып, бос уақытты сабаққа арнаған жөн.