Gap year бізге не үшін керек?

7 сентября 2022 г. Общество, Молодежь

Мектеп бітіре сала университетке түсу заңдылығына бағынбай, өзінің жолын іздеуге уақыт арнаған адамдармен сөйлестік, gap year туралы мамандардан сұрадық. Ол қандай оқушыларға пайдалы болатынын анықтадық.


Аида Зайнуллиева


Gap year дегеніміз – мектептен соң жоғарғы оқу орнына бір жыл дамылдап түсу. Бұл – 11-сыныпты бітірсе де, әлі мамандығын анықтап үлгермеген абитуриенттерге пайдалы жүйе. Кейбіреулер білім алмас бұрын түрлі практикадан өтіп, қосымша ақпарат іздеп, бар мәліметті саралай отыра мамандық таңдағанды жөн көреді. Оларға Gap year қызыққан саласын тауып, оқу орнын шатаспай таңдауға жол ашады. 


Gap year 60-жылдары кең тарады. Алғашында оның мақсаты өзге болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүниеге келген жаңа ұрпақ соғыстан қалған қатігездіктен қашты. Жастар түрлі елді шарлап, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттырғысы келді. Мысалы, 1967 жылы Ұлыбританиядан Эфиопияға үш ерікті жас жіберілді. Олардың мақсаты – бір жағынан Эфиопия халқына ұлт ретінде дамуға көмектесу болса, екінші жағынан өздерінің еріктілік дағдыларын арттыру болған. Кейін gap year жолының кең тарағаны соншалық, өзге бағыттарда тармақтары пайда болды. Оған біздің бүгінгі түсінігіміздегі gap year-ді де жатқызуға болады. 


Кейінгі кезде елімізде gap year алатын оқушы саны көбейіп барады, академиялық демалыстың бұл түрі туралы айтатын білім саласының өкілдерін де жиі кездестіріп жүрміз


АҚШ-тың Әділет министрлігі мен Федералды сауда комиссиясы мойындаған Gap Year Association ұйымының мәліметінше, gap year алған америкалық студенттердің тоқсан пайызы бір жылдың ішінде колледжге қайта оралады. Дәл осы ұйым жүргізген 2015 жылғы Ұлттық сауалнама бойынша, студенттер алдымен «өмірлік тәжірибе жинап, тұлғалық даму», кейін «саяхаттау және өзге мәдениеттерді көру» мақсатында академиялық үзіліс жасағаны анықталды. 


«Журналист боламын деп ойламадым» 


Ал қазақстандық оқушылар не үшін gap year алғанды жөн санайды? 11-сыныпта Канадада оқуды жоспарлаған Юна Коростелева мектеп бітірерде ойының күрт өзгергенін айтады. Оған MediaNet ұйымының мектеп оқушыларына ұйымдастырған журналистика курстары әсер еткен. 


«Эссе жазғанды жақсы көретінмін. Оны білетін әжем журналистика сабақтарына қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарламаны жіберді. Курсқа тіркелгенде жақын арада журналист боламын деп ойламадым. Алайда курстың екінші айында мақала жазып, ақпарат таратумен айналысқым келетінін түсіндім. 


MediaNet-те оқи жүріп, Nur.kz сайтында жеңіл ақпараттық-танымдық материалдар жариялып жүрдім. Кейін «Власть» сайтының басшысы Вячеслав Абрамовпен таныстым. Оған бұрын жазған материалдарымды жібердім. Кейін оның түзетулері мен ескертулерін қаперге сақтап, жаңа тақырыптар ойластырып, өзім үшін жаңалықтар жазып жүрдім. MediaNet-те курсты бітірген соң «Власть»-та жұмыс істегім келетінін түсіндім. Себебі бұл басылым маған ұнайтын әлеуметтік, саяси тақырыптарды қозғайды. Әсіресе, 2019 жылы Назарбаевтың президенттік қызметінен кетуі менің саяси тақырыптарға қызығушылығымды арттырғандай. 




Содан мектепті бітірген кезде оқуға түсуге дайын емес екенімді түсіндім. Бір жыл жұмыс істегім келді. Еңбек етудің қандай екенін, журналистиканың маған ұнап-ұнамайтынын ұққым келді, өзімді практика жүзінде сынауды мақсат еттім. Себебі қанша жерден теория оқығанмен, іс жүзінде көп нәрсенің басқаша болатынын сездім. Сөйтіп мектепті аяқтаған соң «Власть»-қа жұмысқа тұрдым», – дейді Юна. 


Қазір Юна Коростелева 20 жаста. Алматыдағы КИМЭП университетінде Халықаралық құқық факультетінің студенті әрі «Власть» сайтының журналисі. Юна журналистика оқуынан гөрі оған қазіргі жұмысында халықаралық құқық факультетінің тигізер пайдасы көп болады деп есептейді. Сондықтан ол тек шетелдік емес, қазақстандық құқық жөнінде де білім жинап, оны журналистикада қолдануды көздеген. 


«Университетте оқымау – білім алуды тоқтату емес» 


Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Алтынай Ельгундинова мектептен кейін жоғары оқу орнына «Биотехнология» мамандығына түскен. Алайда онлайн оқу Алтынайдың көңілінен шықпағандықтан, ол gap year алуды шешкен. 


«Карантин кезінде Zoom арқылы дәріс жүргізу оқытушыларға қиынға соқты, жаңа форматта сабақ беру үшін техникалық сауаттылық та жетіспеді. Монитордың артында адамның не істеп жатқаны белгісіз, кері байланысы төмен болғандықтан ба, ұстаздардың студенттерді оқытуға құлшынысы төмендегенін байқадым. Былтыр бірінші курсты аяқтаған соң gap year алдым». 


Алтынай жақында Америкада өткен экологиялық мәселелер туралы бағдарламаға қатысып, үлкен әсер алғанын айтады. Өзі де бұрыннан экологиялық мәселелерді бей-жай қалдырмауға тырысып, эко-еріктілердің қатарына қосылуға ұмтылатын. Бұл бағдарламадан соң келер жылы басқа мамандыққа түсемін деп шешті.




«Бүгінде қоршаған орта туралы ғылым саласында үздік мамандарды дайындайтын университеттер тізімін жасап, бес-алтауына құжат тапсырдым. Бұл менің ең елеулі шешімдерімнің бірі деп есептеймін. Оған gap year-дің тигізген пайдасы мол. Бір жыл ішінде мен бірнеше елді аралап, студенттерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатыстым. Осы уақыт аралығында өмірге көзқарасым өзгерді, қоршаған ортаны зерттеуге, өз-өзімді тануға мүмкіндік туды. Университетте оқымау –  білім алуды тоқтату емес, жыл бойы даму: курстар мен семинарларға қатысу, әртүрлі саланы сынап, болашақ мамандықты таңдауға уақыт арнау», – дейді Алтынай.


«Университетте төрт жылымды жоғалтқым келмейді» 

 

Мектептен кейін gap year алып, көптен армандаған ісі – тігіншілікпен айналысқан Бақдәулет Парсахановтың мамандану жолы мүлде бөлек. Себебі ол gap year кезінде жұмыс істей жүріп, университетке түсу ойынан айнып қалған. «Мектептен соң университетке түспеу туралы 11-сынып оқып жүрген кезде ойлай бастадым. Сол кезде костюм тігуге қызығып, тігін үйрететін оқу қарастырып көрдім, бірақ мен ойлағандай жоғарғы оқу орны болмады. Ақылы курстар іздедім, ол да табылмады. Курстардың көбі юбка, көйлек сияқты маған қызықсыз киім түрлерін үйретеді екен. Инстаграмнан Ресейдегі бір портнойды қарап жүретінмін, курс жүргізеді екен. Ештеңе табылмаса, сол жаққа барып үйренемін деп ойладым. 11-сынып оқып жүрген кезде әр бос уақытымда Қазақстаннан bespoke технологиясымен костюм тігетін портной іздейтінмін. 


Сондай бір ізденіс үстінде жүрген кезде Әсет Айманов деген кісіні инстаграмда хэштег арқылы тауып алдым. Костюм тігетін мен ойлағандай шебер адам екен. Бұл кезде ҰБТ тапсырып, не істерімді шеше алмай жүрдім. Әсет Аймановпен хабарласып, кездестік. Ол маған ақылы түрде тігін үйрететін болды. 




Әсет ағаға 6-7 ай барып жүріп, қолым үйренген кезде тапсырыстарын орындауға көмектесе бастадым. Қазір сол кісімен бірге жұмыс істейміз. Әлі күнге дейін ол менің тәжірибе жинауыма үлес қосып жүр. Алдағы уақытта қазіргі мамандығыммен жұмыс істей беремін, ұнайды. Еш өкінбеймін. Жоспарым – Қазақстанды bespoke әлемімен таныстыру. Осындай ең жоғарғы деңгейдегі технологиямен тігілетін костюмдерді көрсету. Оқу орнына түссем, қазір 2-курсты бітірген студент болар едім. Ал мектеп бітіре салып, қалаған мамандығымды тәжірибе жүзінде үйренгеннің арқасында, қазіргі маман ретіндегі деңгейіме өзім қанағаттанамын. Сондықтан университетте төрт жылымды жоғалтқым келмейді», – дейді Бақдәулет.


Артықшылықтар мен кемшіліктер


Gap year-дің қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Бұл сұрақты кәсіби бағдар беруші Гүлзия Байдалы мен балалар психологы Жанна Сафиуллинаға қойдық.


Кәсіби бағдар беруші Гүлзия Байдалы


Оқушылар мен абитуриенттерге кәсіби бағдар беруші Гүлзия Байдалының айтуынша, gap year-дің бес негізгі артықшылығы бар: 


  1. Бір жыл ішінде өзін түрлі салада сынауға мүмкіндік туады. Академиялық демалыс алған адам шетел көреді, қосымша курс оқиды.

  2. Жауапкершілікті үйренеді. Оқушы мектепте ата-ана мен мұғалім сілтеген бағытпен жүрсе, gap year кезінде болашаққа апаратын жолын өзі салады. Өзіне, қоршаған адамдарына жауапты болады. 

  3. Күнде еститін дәрігер, мұғалім, полицей сияқты мамандықтардан бөлек, әлемдегі сан алуан саланы таниды. Тіпті, қазір жоғары сұранысқа ие маркетолог, бағдарламалаушы дегеннің қаншама түрі бар. 

  4. Шығармашылық маманы боламын деген оқушы портфолио жинай алады. Мысалы, болашақ архитектор gap year-ді тиімді пайдаланып, сызба сызып, тәжірибе жинайды. Журналист болам деген студент мақала жазып, ойын жаттықтырады. Бұл бір жағынан мамандыққа деген қызығушылықты ұлғайтады, екінші жағынан ұнатқан салада тәжірибе мен портфолио жинауға оң септігін тигізеді. 

  5. Оқуды жаңа бітіріп, ҰБТ-дан енді көз ашқан ішкі ізденістегі жасөспірімдер өзін әлі тани алмай жатады. Оларға академиялық үзіліс ішкі гормонияға келу үшін маңызды болуы мүмкін.


Gap year-дің кемшіліктері де жоқ емес. Оларды балалар мен жасөспірімдер психологы Жанна Сафиуллина төменде тізіп шықты: 


  1. Қоғамның қыспағы. Батыс елдерінде gap year алған адам оқуға түсерде көтермеленеді, оған оң көзқарас танытады, ал бізде ол жоқ. Академиялық үзіліс алуға бел буған жастар достарының, ата-анасының, туысқандарының түсініспеушілігіне тап болады.

  2. Қаржылық мәселелер. Университетке бір жылдан кейін түсем деген абитуриенттің репетитор жалдау, қосымша курсқа бару сияқты жоспары бар шығар. Мұндайда ақша қажеттілігі туындайды. Жұмыс істеп, ақша табатын жас болса, жоспарды орындау әлдеқайда оңай. Бірақ gap year кезінде қаржылық көмек қажет болса, бұл енді – басқа әңгіме.  

  3. Мотивацияның жоғалуы. Бір жылдан кейін жоғарғы оқу орнына түсуге мотивация жоғалуы мүмкін. Мектеп бағдарламасы бойынша алған білім өзгеріп, былтырғы жиған-терген нәрсе ұмытылып та кетуі мүмкін.

  4. Жас жігіттерді әскерге алып кету қаупі бар.


Gap year-ді қалай жоспарлау керек?


Жанна Сафиуллина Gap year-дің ең үлкен артықшылықтарының бірі – уақыт деп есептейді. Оның сөзінше, академиялық үзіліс әрі қарай не істеу керегін асықпай ойлануға мүмкіндік береді. Жасөспірімдер «Болашақта өзімді қайдан көремін? Бұл сала, бұл мамандық маған қаншалықты ұнайды? Мен шынымен осы мамандыққа түсуді қалаймын ба? Әлде мүлде басқа нәрсе керек пе?» – деген сұрақтарды өз-өзіне қоя алады. Ерікті ретінде жұмыс істеп көруге, ұнатып жүрген салада стажировкадан өтуге болады. Кейін алғашында қойылған сұрақтарға қайтадан жауап беру керек: Бұл шынымен мен қалайтын нәрсе ме?


Жасөспірімдер психологы Жанна Сафиуллина


«Gap year кезінде немен айналысатыныңызды толық жоспарлап, жазыңыз. Өзіңізге сұрақ қоюды ұмытпаңыз. Істеп көріңіз де, қайтадан сұрақ қойыңыз. Таңдау жасасаңыз, курсқа жазылу, репетитор жалдау, портфолио жинау сияқты жоғары оқу орнына дайындалу сатысына көшіңіз», – дейді Жанна. 


Gap year кімге керек?


Гүлзия Байдалының айтуынша, көбіне мамандықты таңдай алмай жатқан оқушыға gap year алған тиімді. «Не қалайтынын түсінбей жүрген немесе екі мамандықтың біріне тоқтала алмаған абитуриент академиялық үзіліс алып, бір жыл ішінде әрекет етіп, шешімге келсе, оның өз саласының маманы болып қалыптасу мүмкіндігі артады. Таңдаған оқуын сәтті аяқтауға мотивациясы ұзаққа жетеді. Ал 11-сыныпта қате таңдау жасап, төрт жыл бойы жаны қаламаған мамандықты игеріп, кейін басқа сала бойынша магистратура оқып адасатындар қаншама. Сондықтан кідірсем бір жылым зая кетеді деп өмір бойы өзін түсінбей жүретіндер аз емес», – дейді Гүлзия ханым. 

Следите за нами в интернете